Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада француз фотографы Жан-Марк Годестің «Жанды кітаптар» атты фотосуреттер көрмесі өтіп жатыр.
Жан-Марк Годес: Кітаптардан әкемді іздедім...
1,138
оқылды

Өз шығармашылығы арқылы өмір мен кітап арасындағы қияли қарым-қатынастың поэтикалық көрінісін жеткізгісі келетін фотограф бұл іспен 12 жылдан бері айналысып келеді. Өзін фотографтан гөрі әңгімеші ретінде таныстырғысы келетін оның әрбір жұмысы расында әлдебір таңғажайып хикаяны баяндап тұрғандай... 

– Кітаптарды фотосуреттеріңіздің негізгі фигурасы етіп алу идеясы қалай пайда болды? 

– Бұл идея маған Реюнион аралында тұрғанымда келген еді. Кітаптардан да бұрын, жай объектілерден композиция құрастыруды үйреніп жүрдім. Заттар мен табиғат арасында өзара әрекеттестіктің негізгі формаларын жасадым. Осылайша, бірсәттік қойылым құрастырып, ең аяғында соны суретке түсіретінмін. Мен өз тілімді іздедім. Бұл кезде кітап менің шығармашылық әлеміме әлі енбеген еді. 2004 жылдан 2006 жылға дейін, екі жыл бойы мен осындай зерттеумен ынты-шынтаммен айналыстым, мен мұны «поэзияның образын зерттеу» деп атаған болар едім. Бұл іске көзсіз кірістім. Ол бірте-бірте жеміс бере бастады. Мұншалықты тереңдеймін деген ой үш ұйықтасам да басыма келмеген еді.

Менің әкем жазушы болатын. Көп кітабы шықпаған, бірақ ол күнде кешкісін, тіпті түні бойы жазу машинкасынан бас алмастан жұмыс істейтін. Оны жиі көрмейтінмін. Ол қағаз бен жазусыз өмір сүре алмайтын. Ол дүние салғанда мен әлі жас едім. Енді мен кітаптардан мән, бағдар, дос және әкемнің бір бөлшегін іздей бастадым...

Бастапқыда кітаптарды түрлі композицияда қойып, адамдарды кіріктірместен, суретке түсірдім. Одан соң жануарларды қостым. Бразилияда тұрған шағым мен үшін аумалы-төкпелі кезең болған еді, сол кездері қойылымға айналамдағы адамдарды шақырдым. Уақыт өте келе бойымдағы ұялшақтықты жеңіп, өзімді еркін сезіне бастадым, енді мен қойылым қатысушыларына жетекшілік етіп, бағыт-бағдар беруге көштім. Бүгінде мен өзімнің жұмыстарым арқылы біздің кітаппен шынайы өміріміз бен қиялымыздағы байланысты салыстыра отырып, тіршілік калейдоскопын көрсетемін.

– Жұмысыңызды дайындауға қалай кірісесіз? Шығармашылық процесті басынан аяғына дейін айтып беріңізші.

– Шығармашылық процесс үш негізгі қадамнан тұрады. Ең әуелгісі – жобаның дизайны. Яғни мен қиялымдағы көріністің суретін қағазға түсіріп аламын. Одан кейін орын іздеймін, көрініске қатысатын адамдар мен жануарларды табамын, қажет болған жағдайда декорация, грим, киім ауыстыру, жарық қою сияқты жұмыстарды пысықтаймын, сөйтіп, суретке түсіремін. Процестің ең соңғы кезеңінде арнайы кәсіби бағдарлама арқылы фотосуретті сублимациялаймын. 

Менің фотосуреттерім дәл кинода қолданылатын принциптер мен техникалар арқылы (дыбыстан басқа) өмірге келеді. Мен аудиовизуалды технологиялар бойынша екі тренингтен өттім, оның бірі INA, яғни Ұлттық аудиовизуалды технологиялар институтында болған еді. Көріністер студияда немесе табиғат аясында әзірленеді. Жаныма жарық беру, инсталляциялар қауіпсіздігі және басқа да қажеттіліктер бойынша жауапты техникалық мамандарды аламын. Көріністерге алдын-ала репетиция жасаймыз. Одан соң суретке түсіремін. Мен көріністе хикаяның барлық элементі болғанына мән беремін. Француз режиссері Мари-Жорж-Жан Мельестің фильмдеріндегідей, түсірілім кезінде бәрі де қолда болуы керек. Менде түсірілген суретті өңдеу немесе өзгертуге ешқандай қажеттілік жоқ. Менің суреттерім RAW форматында түсіріледі. Өңдеу процесінде мен тек колориметрия және контрасттарымен жұмыс істеймін. 

– Бүгінге дейін қанша фото түсірдіңіз? Солардың ішінде тарихы, қойылымы ерекше қызық болғандарын атаңызшы. 

– Бүгінге дейін мен мыңнан аса жобамен жұмыс істедім, оның шамамен 207-сі портфолиомда сақталыпты. Мына су бетіндегі кітаптар бейнеленген фотосуретке қараңызшы. Мұны да суретке түсірмес бұрын қағаз бетіне эскизін сызып алдым. Бұл сурет Квебектегі көрмемнің афишасы болған еді. Көріністі қоюға лайықты орын белгілеуде және кітаптардың астына қоятын жеңіл әрі ыңғайлы тұғырлар жасауда қиындықтарға кезіктім. Әуелі айналаны шолып шығып, қолайлы тоғанды таптым, бұл орайда мен суреттің шеңберін анықтау үшін күн сәулесінің осін ескердім. Одан соң су астындағы ылдиды есепке ала отырып, арнайы тапсырыспен жасалған ПВХ тұрбалардан тұғыр дайындадым. Барлығын түнде орнатып, таң атқанда суретке түсірдім. 

– Шығармашылықта нені басшылыққа аласыз? Көрерменге нені жеткізгіңіз келеді?

–  Ғасырлар бойы кітап бүкіл әлемде мәдениет пен білімді жеткізудің басты құралы болып келді. Адам мен қағаз арасындағы физикалық, тактильді, эмоциялық және сентиментальді қарым-қатынас мен үшін аса құнды. Кітап оңашада саған барлық сырын ашады. Кітаптың қуаты мықты, терең, баға жетпес. Кітапта автордың өзінің және өмірінің бір бөлшегі бар. Біз кітап оқығанда, қайда екенімізді ұмытып, автор әңгімелеп отырған әлемге топ ете түсеміз. Мен өз фотосуреттерім арқылы оқырман қиялындағы таңғажайып әлемді көрсеткім келеді.

Мені кітаппен қатар музыка, поэзия, бейнелеу өнері, кино, этнография, жай ғана табиғатты тамашалау керемет шабыттандырады. Мен үшін ең маңыздысы – сезім, оны мен өз суреттерім арқылы жеткізуге тырысып келемін. Айтар хикаямды түрлендіру үшін  кейде қоянды, ұлуды, тышқанды, жыланды пайдалана отырып, кішкентай әлемнің масштабын ұлғайтамын. Ал өз суреттерімде эмоцияларды жеткізуге маған қозғалыстар, формалар, рельефтер, түстер көмектеседі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ