Шараның мақсаты – көпшілік алдында сөйлеу, халықпен тиімді кері байланыс орнату, мемлекеттік саясат пен мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты дұрыс жеткізу бойынша салалық спикерлер пулын әзірлеу.
Агенттік салалық мемлекеттік қызметшілерге БАҚ-пен өзара әрекеттесу бойынша семинар ұйымдастырды
596
оқылды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы мамандарының қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметшілеріне «Көпшілік алдында сөйлеу. БАҚ-пен өзара әрекеттесу» тақырыбында біліктілікті арттыру семинары басталды.

Шараның мақсаты – көпшілік алдында сөйлеу, халықпен тиімді кері байланыс орнату, мемлекеттік саясат пен мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты дұрыс жеткізу бойынша салалық спикерлер пулын әзірлеу.

Семинардың ашылуына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Еркін Мұхамеджанов қатысты.

«Біздің алдымызда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру мақсаты тұр. Ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетіне сәйкес, халыққа ағымдағы және жоспарланып отырған өзгерістерді, мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты жан-жақты жеткізіп, түсіндіре алатын салалық спикерлерді дайындау маңызды», – деді МҚІА басшысы.

Семинар Президент Әкімшілігі, Парламент Сенаты, Үкімет аппараты өкілдері, министрліктерден комитет төрағасының орынбасарлары, департамент директорлары және облыс, қала, аудан әкімдіктерінен әкім орынбасарлары, басқарма басшыларының қатысуымен өткізілуде.

Мемлекеттік қызметшілер үш күндік семинарда көпшілік алдында еркін сөйлеу техникаларын үйрену, сұхбат берудің тәсілдерін меңгеру, аудиториямен коммуникация орнату, дағдарыс жағдайында БАҚ-пен жұмыс істеу сияқты тақырыптар бойынша тренингтерге қатысып, практикалық тұрғыда біліктілігін арттырады.

Семинардың практикалық бөлігі «Qazaqstan» телеарнасында өткізіліп, «Ашық алаң» студиясында телеарна мамандары мемлекеттік қызметшілерге арналған көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын шыңдау бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.

Арнайы курста оқыту 17 мамырға дейін жалғасады.