Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова экологиялық қауіпсіздіктің жай-күйі жөнінде баяндама жасады.
Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
1,151
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында экология және су қауіпсіздігі мәселелері қарастырылды, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова экологиялық қауіпсіздіктің жай-күйі жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ бірқатар мемлекеттік орган басшылары мен өңір әкімдері жекелеген мәселелер бойынша есеп берді.

Президент отырыс барысында экологиялық қауіпсіздікке қатер төндіретін табиғи және антропогендік факторларға қарсы күрес аса маңызды екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары көптеген елдің үкіметтерінің белсенділігі артты. Экологияны жақсарту, «жасыл» экономикаға көшу және көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізу үшін батыл шешімдер қабылданып жатыр. Ұрпағымыздың дені сау болып, ауасы таза елде өмір сүргіміз келсе және мемлекетімізді бүкіл әлем мойындағанын қаласақ, біз олардан үлгі алуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экология саласында шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін проблемаларға баса назар аударды.

«Кеңес кезеңінен келе жатқан көптеген өндіріс орны, көмір жағатын электр станциялары мен қазандықтар экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтырды», – деді Президент.

Бұдан бөлек, жиында қоршаған ортаны қорғауға үлкен жауапкершілікпен қарау жөнінде бірқатар мәселе көтерілді.

Президент облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар басшыларының назарын рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою және қоқыс өңдеу көрсеткіштерінің төмен екеніне аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев күн тәртібіндегі мәселелерді қарастыру нәтижесінде Үкіметке ұлттық экологиялық стандарттарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, өндіріс орындарының зиянды шығарындыларын азайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою және эрозияға ұшыраған жерлерді қайта қалпына келтіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Қарағанды облысы Шет ауданындағы егістік алқаптарын қалпына келтіріп, мал шаруашылығын дамытуға қатысты пилоттық жобаның жүзеге асырылу тәжірибесін еліміздің өзге өңірлерінде қолдану мақсатында жан-жақты зерттеуге тапсырма берілді.