Зауыттың қарызы – 1 миллиард теңге
Зауыттың қарызы – 1 миллиард теңге
413
оқылды
Өңірдегі қант қызылшасын өсіруші шаруа қожалықтары өткен жылы күзде өткізген тәтті түбірі үшін әлі күнге зауыттан ақшасын ала алмай отыр. Бүгінгі таңда «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 177 шаруа қожалыққа 1 миллиард теңге қарыз екен. Келісімшарт бойынша бұл қа­ражат 90 күнде төленуі керек бо­латын. Дегенмен 50-ден астам ди­қан­ның ақша алатын мерзімі бел­гі­ленген уақыттан асып кетті. Ал мұн­­дай жағдай 2019 жылы да орын алған болатын. Атап айтсақ, 2018 жы­лы өңір диқандары 208,9 мың тонна балтамыр жинап, қант зауытына 126,3 мың тонна тәтті түбірді өт­кізген. Бұл үшін облыс бюджетінен 211 шаруа қожалығына 1 миллиард 359 миллион теңге субсидия тө­лен­ген. Ал «Меркі қант зауыты» жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019 жылдың 1 сәуірінде 671 мил­лион 337 мың 857 теңге қарызбен шыққан еді. Ол кезде де қарызды әне-міне төлеп береміз деп уәде беріп, шілдеге дейін сөз бұйдаға са­лып келгені бар. Бұл мәселені шешу үшін «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоға­мы арқылы қосымша 500 миллион теңге бөлініп, шаруалардың қары­зынан әзер құтылған. Соның сал­дарынан өткен жылғы қант қы­зылшасын егудің жоспарланған егіс көлемі бар-жоғы 62 процентке ғана орындалып, алдыңғы жылмен са­лыс­­тырғанда, 2,8 мың гектарға ке­міп кетті. Сөйтіп 5494,9 гектар ал­қапқа себілген тәтті түбірден өткен жылы 173 748,8 тонна өнім жиналды. Былтыр заманауи ауыл шаруашы­лығы техникаларын пай­даланудың, жоғары сұрыпты тұқым себудің арқасында балтамырдың әрбір гек­тарынан орташа өнім 316 центнерді құраған. Мәселен, Тараз қаласының шаруалары 20 гектар алқаптың әр гектарынан орташа 634,6, меркі­ліктер – 367, байзақ­тық­тар – 315, шулықтар – 301, қор­дайлықтар – 283, жамбылдықтар – 252, талас­тықтар 250 центнерден өнім алған. Өңірдегі қант зауыт­тарына шаруа қожалықтары бар­лығы 135 564,1 тонна қант қызыл­ша­сы өткізілген. Одан шамамен 17 мың тонна қант өндіріледі деп жоспарланған.
– Өткен жылы өңір диқандары 9 мың гектар арқапқа қант қызыл­шасын орналастырулары керек еді. Оның бірден 3 мың гектарға төмен­деп кетуіне алдыңғы жылы да за­уыттың шаруашылықтардың ақша­сын жазға дейін созып, кешіктіруі себеп болды. Биыл да зауыт тара­пынан сол келеңсіздік қайталанып отыр. Тығырыққа тірелген шаруалар оны өсіруде биыл да екі ойлы болып отырған жайы бар. Әйтпесе, биыл егістік көлемін 7 мың гектар алқапқа жеткізсек деген жоспарымыз бар еді. Бүгінгі таңда қант зауыттары балтамырды өңдеп болды. Бағаның түсіп кетуіне байланысты зауыт өнімін нарыққа өткере алмауда. Өйткені біріншіден – сұраныс жоқ, екіншіден – сатып алушы кәсіп­керлердің сұрап отырған ба­ғасы өн­дірген өнім шығынын жап­пай отыр. Сондықтан зауыт шаруа­лар­дың қарызын өтей алмай тұр, – дейді облыс әкімі ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев.
Жергілікті бюджет тарапынан шаруалар өткізген балтамырдың әр тоннасына 12 мың теңге бөлініп, оларға 1 миллиард 512 миллион тең­ге субсидия берілді. Ал Меркі қант зауытының шаруалар алдындағы берешегі 3 ақпанға 1 миллиард тең­гені құрағанын жоғарыда айттық. Дегенмен келісімшарттағы мерзім­нің асып кетуіне байланысты оның 4-тармағының 4,5-тармақшасына сәйкес 45 шаруашылыққа қосымша төленетін айыппұл мөлшері 274,2 мың теңгені құраған. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, бұл қаражатты зауыт алдағы уақытта шаруашылықтарға өсімпұлымен толық төлеп беруге уәде берген.   Асылы ӘДІЛ,                                                                                                                                                    журналист