Шипажайға ел күш-қуатын арттырып, иммунитетін жақсарту үшін келеді.
Ауруды нашар көңіл-күй мен ашу-ыза қоздырады – Роза Торғайқызы
3,621
оқылды

Сонау 80-ші жылдары Ақтөбе Мемлекеттік медициналық институтында жұқпалы аурулар мамандығы бойынша оқыған Роза Жүсіпова дипломын алған соң сол кездегі Торғай облысына барып, жұмыс істей бастаған. Көп тұрақтамай, Қызылордаға аттанып, жиырма жылдан астам уақыт сонда еңбектенген. Кейін Алматыға келіп, Асфендияров атындағы университетте дәріс оқып та үлгерген. Тіпті 2020 жылы ковидпен күрес кезінде талай адамның жанын сақтап қалды. Әбден тәжірибе жинаған соң 2019 жылдың жазында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығына қарасты «Almaty Resort» шипажайына келіп, екінші мамандығы гастроэнтерелог бойынша жүздеген жұртқа ем-дом көрсетіп жүр. Бүгінде емдеу-оңалту бөлімінің меңгерушісі. Ақ халат киіп, абзал жанға айналғанына қырық жылға жуықтапты.

«Ауруханаларда жедел жәрдемдесіп, емдейтінбіз. Ал мұнда, шипажайда басқаша», – дейді Роза Торғайқызы. Яғни ремиссия кезінде реабилитацияға келеді. Жалпақ тілмен айтсақ, ауру беті қайтқан соң, ағзаны қалыпты деңгейге оралтып, оңалып қана қоймай, иммунитеттерін одан ары күшейтіп, денсаулықтарын жақсартып, шаршауларын шығарып, қуат алып қайтады. Дәрі-дәрмек қолданбайды. Минералды судың түр-түрін ішкізеді, бұрқақ ванна қабылдайды, массаж алады, емдік балшықтармен сылайды, тұзды шахтадан қуаттанады, ине салдырады, тоқпен ұрғызады, қысқасы халық емін заманауи қондырғы, құрал-жабдықтар арқылы қолданады. Ат шаптырым аумақтағы орман тоғай арасында жаяу жүргізеді, құстар әнін тыңдап, табиғат пен тыныштықтан ләззат аласыз.

«Жалпы кез келген ауруды нашар көңіл-күй мен ашу-ыза қоздырады» дейді дәрігер Роза. Сондықтан да біз келген адамдардың көңілін табуға тырысамыз. Асты-үстіне түсіп, бәйек боламыз. Тіпті аты жаман аурумен ауырса да, өмірінде бір де бір рет қабақ шытпағанының арқасында ұзақ жасаған адамдар бар дейді Роза ханым.

Роза Жүсіпова «Өмірге деген құштарлығыңызды арттырғыңыз, жұмысқа деген құлшынысыңызды оятқыңыз, шабыттанғыңыз келсе, бізге келіңіз, күлімдеп қарсы аламыз!» деп әңгімесін қорытындылады.