Сотталушылар қауіпті өндірістік нысанның аумағына, арнайы органдар күзететін басқа да нысандарға заңсыз кіріп, айтарлықтай залал тигізді деп айыпталып отыр.
Алматыда Қаңтар оқиғасына қатысқан 25 адамға сот үкімі шықты
712
оқылды

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотында Қаңтар оқиғасына қатысқан 25 азаматқа сот үкімі шықты.

Соттың мәліметінше, 25 айыпталушы 2022 жылдың 4-5 қаңтар аралығында Алматы қаласының әр жерінде жаппай тәртіпсіздікке қатысып, аса ірі мөлшерде ұрлық жасаған, тұрғын үй, қызметтік және өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, ірі залал келтіре отырып көлік құралдарын айдап әкеткен.

Сотталушылар қауіпті өндірістік нысанның аумағына, арнайы органдар күзететін басқа да нысандарға заңсыз кіріп, айтарлықтай залал тигізді деп айыпталып отыр.

Сондай-ақ, олар алдын ала сөз байласу арқылы атыс қаруларын ұрлап әкеткені және жаппай тәртіпсіздік кезінде билік өкілдерінің денсаулығына залал тигізіп, олардың мүлкін бүлдіріп, жойғаны анықталды. ⠀

Жаза тағайындау кезінде мынадай мән-жай ескерілді: сотталушылардың кінәсін толық және жартылай мойындауы, бұрын сотталмағаны, жеке басы, жас мөлшері, құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, қылмыстық құқықбұзушылықтың қоғамдық қаупінің сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқықбұзушылықты төтенше жағдай кезінде жасауы.⠀

«20 азаматқа рақымшылық заңы қолданылып, 9 айдан 1 жыл 9 айға дейінгі мерзімге шартты жаза тағайындалды. 4 тұлғаға рақымшылық туралы заң қолданылып, осыған байланысты олар жазадан босатылды. Бір азамат қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.