Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық музейде 18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні» аталып өтті.
Алматыда орталық музейге бір түнде 15 мыңдай адам келді
1,199
оқылды

Алматыдағы  ҚР Мемлекеттік орталық музейде 18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні»  аталып өтті.  Жылдағы дәстүр бойынша биылғы шара да қазақ өнерінің корифейі, мэтр, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлының ән шашуымен басталды. Сондай-ақ  тіл жанашыры Асылы Осман, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов салтанатты жиынның құрметті қонақтары болды.

Кеш қонақтарын айтулы мерекемен құттықтаған ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы: «Музей – тарих пен мәдениеттің маңызды нысаны. Ал ата-бабамыздың жүріп өткен жолы еліміздің бай тарихын құрайды. Сондықтан бұл мереке бәрімізге ортақ», – деп атап өтті. Рухани шара барысында бірнеше музей қызметкері марапатталып,  «Жыл үздігі» номинациясының иегерлері атанды.

        Музей түніне мемлекеттік оркестрлер мен музыкалық шығармашылық топтар қатысып, келушілерге әдемі көңіл күй сылады. Олардың арасында  «Tengri Group» тобының мүшесі Әсем Көпбаева, Халықаралық байқаулардың лауреаты, опера әншісі З.Алтынбаева, Халықаралық байқаулардың қатысушысы, әнші, актер Тимур Иманжановтар, «IL CANTO» вокалдық тобы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттерінен құралған «Жас Мұқасан» вокалдық ансамблі, Абай атындағы опера және балет театрының солистері Олег Татамиров, Төлеген Рахымбаев, ҚР Халық әртісі Мұрат Серкебаев басқаратын Алматы қаласы Әкімдігінің концерттік оркестрі, М. Төлебаев атындағы музыка мектебінің оқушылары, мен  «Берен» вокалдық тобы, «Шабыт» және «Кербез» би ансамблдері, «Нәзік» жетігеншілер ансамблі, Бауыржан Тәңірберген, Олжас Шерхан, Қуандық Үсен, Руслан Нұрғали, Гауһар Жұмағұлова және т.б өнер жұлдыздары бар. Сондай-ақ Алматы циркінің және Алматы қаласы білім басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығының  әртістері де өз өнерлерін паш етті.

       Шара барысында «Музей түні-2023» акциясының ақпараттық серіктесі – CITIX компаниясының PR-директоры – Леонид Нығматуллин, сондай-ақ көркемдік пленэрдің демеушісі – Бас директор Чен Чжицзе бастаған «Kazakhstan Arsha International Cultural Cooperayion LTD» компанияларының өкілдері де келушілер алдында  өз ықыластарын білдірді.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Зерлеу» техникасымен эксклюзивті алтын тігу авторлық үйінің  негізін қалаған  Айжан Әбдубаитованың этноколлекциясы да осы түні  көпшілік назарына ұсынылды. «Музей түні» акциясының аясында бірнеше көрме ашылып, музейдің барлық залында экскурсиялар ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өткізілді. Орталық музейдің басшысы Рашида Харипованың айтуынша осы түнде музейге шамамен 15 мыңға жуық көрермен келген. Оның айтуынша соңғы кезде музейге келушілер арасына шетелдіктердің үлесі артқан. Жай күндердің өзінде тарихтан сыр шертетін орынға 1000-2000 адамдай келетін көрінеді.  Оларды ең бірінші кезекте ежелгі Сақ тайпаларынан сыр шертетін экспонаттар ерекше қызықтыратын көреді.

«Іргетасы 1830 жылы қаланған орталық музейде бұл күнде 280 мыңдай түрлі жәдігерлер сақталған. Тағы бір жақсы жаңалығымыз, жақында ғана біздің мекемеге Ұлттық музей деген статус берілуі үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Алдағы уақытта бұл жаңалық та болып қалады деп күтіп отырмыз. Бұл ерекше мәртебе өз кезегінде біздің ұжым қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыра түсіретін болады», – дейді музейдің директоры Рашида Ерімқызы. 

Айта кетейік, Мүзей түні мерекесі әлемде 1977 жылданбері тойланып келеді. Біздің елімізде 2000-шы жылдардың бас кезінде ең алғаш аталған Орталық музейде сол кездегі музейдің директоры Нұрсан Әлімбайдың бастамасымен аталып өте бастады.

Ұлттық мұрамызды ұлықтаған рухани кештен алматылықтар ерекше әсермен тарқасты.

Фото авторы: Дәурен Мақсұтханұлы

 

                                                    Нұрболат Адырбек, Алматы