Жол-көлік оқиғаларының көп бөлігі Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында болды.
ІІМ жүргізушілерді сақ болуға шақырады
921
оқылды

Қазақстанда екі күнде 75 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 27 адам қаза тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 

«Құрметті азаматтар! Күннің жылуына байланысты жолдарда көлік саны күрт көбейді. Дәл осы кезеңде жүргізушілер жол ережесін сақтамайды. Бұл қайғылы оқиғаларға алып келеді. Елімізде екі күннің ішінде 75 жол-көлік оқиғасы орын алып, 27 адам қаза тапты. Жол көлік оқиғаларының көп бөлігі Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында болды. Апаттар көбінесе қала сыртындағы жолдарда түнгі уақытта болып отыр. Төрт ірі жол-көлік оқиғасын жеке тасымалдаумен айналысатын шетелде тіркелген автокөліктер жасаған. Жамбыл облысындағы Алматы – Шымкент тасжолында орын алған ірі апаттың біріне қатысушы – Toyota Alphard жүргізушісімен жолға шықпас бұрын полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыс жүргізген», – деді Ішкі істер министрлігінің өкілі. 

 

Оны ескермеген жол ережесін елемеген жүргізуші мен оның екі жолаушысы қаза тапты. Кейде осындай ескертулер өмірді сақтап қалуы мүмкін. Естеріңізде болсын, таксиге отырарда оның заңды тасымалдау екеніне көз жеткізу керек. Атап айтқанда, жүргізушіде жолаушыларды сақтандыру шарты, техникалық байқаудан өту, сапар алдындағы медицициналық және техникалық тексерулер болуы қажет дейді мамандар. 

 

«Мысалы, Маңғыстау облысында жол апаты автокөліктің техникалық ақауына байланысты болған. Онда үш адам қаза тауып, біреуі жарақат алды. Өкінішке орай, жеке тасымалдаумен айналысуға құқығы жоқ такси жүргізушілері көбеюде. Жолда тексеру кезінде жүргізушілер мұндай жағдайларды жасырып, жолаушыларды туыстарым деп айтады», – дейді Қайсар Сұлтанбаев.

 

Ең өкініштісі – ол жүргізушілерді жолаушылардың өздері де қолдайды. Арзан жол жүру ақысына қызығып, өмірі мен денсаулығын ешкім ойламайды. Мысалы, ірі жол-көлік оқиғасы 21 мамырда Жамбыл облысындағы Мерке – Шу – Бурыл байтал тасжолында тіркелді. Онда заңсыз тасымалдаушы анықталды. Осы апатта үш адам қайтыс болып, бір адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғасының тағы бір себебі – ол жүргізушілердің рөлде ұйықтап кетуі. Атырау облысының Құлсары қаласынан 10 шақырым жерде, Бейнеу – Атырау автожолында жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізуші рөлде ұйықтап, алдында келе жатқан көлікке соғысып, төрт адам қаза тауып, екеуі жарақат алды. 

«Жүргізушілердің назарына! Жолға шығар алдында сіз өзіңіз үшін ғана емес, жолауышылардың қауіпсіздігі үшін де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Жылдамдықты асырмаңыз, жол ережесін сақтаңыз. Шаршаған жағдайда тынығып, демалыңыз. Біз жол ережелерін бұзудың жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Полиция қызметкерлерінің жұмысы жазалауға емес, сіздердің өмірлеріңізді сақтауға бағытталған», – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.