Әділет биыл мамырдың 17-сінде сағат 16:00 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған 18 жастағы жігітке іздеу жарияланды

Целиноград ауданы Қоянды ауылының 18 жастағы тұрғыны Әділет Оразбекке іздеу жарияланды, – деп хабарлайды Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, Әділет биыл мамырдың 17-сінде сағат 16:00 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.

«Мамырдың 22-сіне дейін анасы өзі іздеп көрген, одан нәтиже болмаған соң полицияға хабарласты. Әйелдің сөзінше, ұлы сол күні сағат 19:00-де ұялы телефонымен қоңырау шалып, жақын арада үйіне келетінін айтқан. Алайда, жігіт сол күйі келмеді. Жоғалған жігіттің орналасқан жерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері іздестіру шараларын қолға алды. Таныстары мен достарынан сұрастырды», – делінген ведомство хабарламасында.

Жоғалған адамды іздеуге ПД бөлімшелері, Целиноград аудандық ПБ жеке құрамы, сондай-ақ, Астана қалалық ПД қызметкерлері тартылған.

Осы ретте, тәртіп сақшылары Әділет Оразбектің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпараты бар немесе білетін адамдар болса, дереу 102 арнайы желісіне қоңырау шалуын сұрайды.