Дәулет Қанатұлы Егембердиев – мұнай мен газды қайта өңдеу ғылымының докторы, технолог, профессор, тұзды және мұнаймен ластанған жерлерді мелиорациялау бойынша ғылым магистрі. Жас ғалым шөлді жерлерді, сонымен қоса, мұнай мен газдан ластанған жерлердің топырағын биомелиоранттар арқылы қалпына келтірудің шешімін тапқан. Ғалымның бұл жобасы шетелде үлкен қолдау тауып, Финляндияның Хельсинки қаласында өткен NURINTECH инновациялық жобалар байқауында бас жүлдеге ие болған. Биомелиорацияны топырақты, суды және ауаны тазарту және өндірістік қалдықтарды жою үшін пайдалануға болады. Және қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін химиялық реагенттерді қолданбайтындықтан, жағу, полигондарда сақтау немесе химиялық тазалау сияқты дәстүрлі әдістермен салыстырғанда ластанған ортаны тазартудың экологиялық таза әдісі болып саналады.
Дәл осы себептен де жас ғалым Дәулет Егембердиевтің бұл жобасы экологияға көрсетілер алғашқы жәрдем болары сөзсіз. Өзін «жердің дәрігерімін» деп таныстыратын ғалымның атқарып жүрген ерен еңбегін насихаттап, жаппай қолданысқа енгізсе, яғни табиғи мелиоранттарды пайдалану арқылы өсімдіктерді, жерлерді тыңайтса экологияға сәл де болса үлес қосқан болар едік. Бұл технология арқылы тыңайтылған жерлер өз кезегінде жер бедерін ұлғайтуға, су шаруашылығы режимін жақсартуға, аумақтың эрозиясын шектеуге, жерасты суларының кең режимін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Аталмыш тыңайтқышты сұйық және құрғақ күйінде қолдануға болады. Ауылшаруашылығына тың серпіліс әкелетін бұл жаңалықты Жамбыл облысындағы Талас ауданы мен Түркістан облысындағы Сарыағаш аудандарында тұзды жерлерде сынап көрген және Ресей шаруалары кең көлемде қолданды. Нәтижесі мамандарды таңғалдырып отыр. Өніммен қоса жердің құнарлығы да артқан. Ғалымның ойлап тапқан тыңайтқышы осы күнге дейін Польша мен Ресейге жөнелтіліп, тиімділігін дәлелдеді. Өнімдi көптеп шығарып, ауылшаруашылығына тегістей енгізу үшін ғалым бизнес әлеміне аяқ басты.
Жерді табиғи жолмен қайта өңдеудің жолын ойлап тапқан ғалымның көздеген мақсаты – жер өнімділігін және олардың экономикалық тиімділігін арттыру. Бұл өз кезегінде адамдардың өмір сүру жағдайлары мен әл-ауқатының жақсаруына, ауыл шаруашылығындағы және басқа да байланысты салалардың оңтайлануына әкеледі. Бұл технология арқылы бірнеше нәтижелерге қол жеткізуге болады. Топырақ эрозиясын бәсеңдету: биомелиорация топырақ эрозиясының алдын алуға, оның құнарлылығын арттыруға және құрылымын жақсартуға көмектеседі. Ол үшін компост пен органикалық тыңайтқыштарды қолдану, топырақ түзетін өсімдіктерді себу, өзендер мен көлдердің жағалауларын өсімдіктермен нығайту сияқты әдістер қолданылады.
Топырақты токсиндерден тазарту: өсімдіктердің кейбір түрлерін топырақты токсиндерден және мұнай, қорғасын және кадмий сияқты ластаушы заттардан тазарту үшін қолдануға болады. Бұған осы өсімдіктердің фиторемедиация қабілеті, яғни токсиндерді сіңіру және метаболизмі арқылы қол жеткізіледі.
Биоәртүрлілікті жақсарту: биомелиорация өсімдіктердің өсуіне, жануарлардың тіршілік етуіне және жәндіктердің көбеюіне жағдай жасау арқылы биоәртүрлілікті арттыруға ықпал етуі мүмкін. Ол үшін көпжылдық шөптерді себу, органикалық тыңайтқыштар енгізу және жасанды биотоптар жасау сияқты әдістер қолданылады.
Көміртекті азайту: биомелиорация топырақтағы көміртегі қорын көбейту арқылы көміртегі шығарындыларын азайтуға көмектеседі. Ол үшін жасыл тыңайтқыштарды себу, тұрақты дақылдарды орнату және топырақты өңдеудің диструктивті әдістерінің санын азайтуға көмектесетін агротехникалық әдістерді қолдану сияқты әдістер қолданылады.
Биомелиорацияның қоршаған ортаға және жалпы қоғамға пайдасы бар. Бұл биологиялық процестерді қолдана отырып, топырақтың сапасын жақсарту және табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің экологиялық таза әдісі.
Биомелиорацияны қолданған кезде келесі артықшылықтарға қол жеткізуге болады: топырақтың сапасын жақсарту және оның құнарлылығын арттыру, бұл өнімділіктің жоғарылауына және химиялық тыңайтқыштарды пайдаланудың төмендеуіне әкеледі. Топырақты улы заттар мен ластаушы заттардан тазарту, бұл топырақ пен су ресурстарының ластануын шешуде пайдалы болуы мүмкін. Осындай басты артықшылықтары болғандықтан биотыңайтқыштарды ауылшаруашылығында кеңінен қолдану тиімді әрі ұтымды тәсіл болмақ.
Жалпы, биомелиорация қоршаған ортаны қорғаудың көптеген әдістері мен тәсілдерін қамтитын кешенді тұрақтылық бағдарламасының пайдалы бөлігі болуы мүмкін. Дұрыс қолданылған биомелиорация топырақтың сапасын жақсартуға және табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге, химиялық тыңайтқыштар мен препараттарды пайдалануды азайтуға көмектеседі, бұл адамдардың денсаулығына және жалпы планетаның экологиялық жағдайына оң әсер етеді. Еліміздің батыс аймағы мұнайлы өлке болғандықтан, жас ғалым Дәулет Егембердиев осы аймаққа табан тіреп, сол жердегі экологиялық проблемалардың шешімін тауып жүр. Жер бетін ластап жатқан мұнай қалдықтарын қайта өңдеп, ал жерін тыңайту арқылы халық кәдесіне қайта жарату – нағыз адамдық әрі азаматтық іс деп білеміз.
Ғылымнұр КӘДІРБАЙ