Жастар мен жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге сұраныс көбеймесе, азаймай тұр.
2 000-нан  астам есірткі жарнамасы жойылды
898
оқылды

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтты. Сондықтан Президент бұл мәселені қолға алып, түбегейлі жоюды тапсырды.

Осы орайда нашақорлықпен күресу және оның алдын алу мақсатында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты республика бойынша акция ұйымдастырды.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала көшелері мен үйлердің ауласында жүргізілген рейд барысында 2000-нан астам есірткі жарнамасы жазылған граффити мен трафареттер жойылды. Бұл – тек 1 күндік  акцияның көрсеткіші. Түрлі тәсілдерді пайдалана отырып,  жан-жақты жұмысты бастадық,  – дейді Жастар қанатының өкілдері.

«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, саналы түрде нашақорлықпен күресуді қолға алған жастар саны артып келеді. 

«Қоғамның күрделі дертіне айналған нашақорлық, синтетикалық есірткіге тәуелділік мәселесі бар. Жастар былай тұрсын, жасөспірімдер арасында белең алған бұл дерт назар аударуды талап етеді. Осы акцияны өткізуіміздің де бір себебі  осы. Акция барысында түрлі жарнамалар мен Telegram  арналардың сілтемелеріне тап болдық. Сондай-ақ қала тұрғындарына нашақорлықтың салдары туралы түсіндірме жұмысын жүргізе отырып, жадынама таратылды. Осы мәселемен күресу үшін «Жастар рухы» Жастар қанаты алдағы уақытта жоспар жасайтын болады. Осы тұста бүгінде  салауатты өмір салтын сақтап, есірткімен күресіп жатқан жастар санының артып жатқанын да айтқан жөн. Уақытша қызықтың арбауына түсіп кетпей, салқынқанды ойланып, өз болашағын ойлайтын азаматтар қатары көбеюде. Жастардың бірлескен қарсы іс-қимылы арқасында жаһандық дертпен күресуде оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», – дейді Нұржан Жетпісбаев. 

Айта кету керек, 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай жасалған игі акцияға аймақтардағы жергілікті атқарушы органдар, полиция департаментінің мамандары, мәслихат депутаттары, танымал спортшылар да атсалысты.