Сарапшылардың пайымдауынша, биыл инфляция 12,2%-ға дейін бәсеңдейді.
Сарапшылардың инфляцияға қатысты болжамы қандай?
1,640
оқылды

Ұлттық банк сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сарапшылардың пайымдауынша, биыл инфляция 12,2%-ға дейін бәсеңдейді. Ресми  мәлімет бойынша, қазіргі инфляцияның деңгейі – 15,9%. Сауалнаманың нәтижесіне сүйенсек, респонденттер келер жылы инфляция 9,4%, 2025 жылы 7,1%-ға дейін баяулайды деп болжайды.

Есесіне, респонденттердің базалық мөлшерлемеге қатысты болжамы өзгешелеу. Өткен кезеңдегі пікірлерімен салыстырсақ, олар 2023-2025 жылдар аралығында базалық мөлшерлеменің деңгейі жоғары болады деп күтеді. Мысалы, респонденттер 2024 жылғы базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде болжайды.

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 10 ұйым қатысқан. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіріп отыр.

«Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық банктің болжамы жоқ»,  деп хабарлайды ҚҰБ баспасөз қызметі. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысы туралы нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу қамтылған.

2023-2024 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының өсімі бойынша күтулер 4% деңгейінде сақталды. Бұл да ЖІӨ-ның ұзақмерзімді әлеуетті өсімін (4%) бағалаумен сәйкес келеді. Қазақстан экономикасының 2025 жылға өсімі бойынша болжамдар 4,0%-дан 4,1%-ға дейін біршама көтерілді.