1 шілдеден бастап баға 12 пайызға көтеріледі.
Бұл туралы Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Некелесуге өтініш беру 3450 теңге болса, 1 шілдеден бастап 3874 теңге болады. Ал ажырасатындар 6900 теңгенің орнына 7728 теңге төлейді. Туу мен өлімді тіркеу сияқты әлеуметтік маңызы бар қызметтер тегін болып қала береді.
1 шілдеден бастап азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі Азаматтарға арналған үкіметке берілетін болады. Бірақ барлық рәсім бұрынғысынша АХАТ бөлімшесінде жүзеге асырылады. Базасы ауысқанымен, қызметтер түрі өзгермейді. Неке тіркеуге өтініш қабылдау, өңдеу, шешім шығару және нәтиже беруді қала және аудан АХАТ органдары атқарады.
«Неке тіркеудің салтанатты рәсімі АХАТ ғимаратында, жас жұбайлардың қалауымен өткізіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында салтанатты тіркеу жүргізілмейді. Бұл жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметке өтініш қабылдау және онымен дайын нәтиже беру қызметін орындайды», – дейді Алматы қаласы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекет корпорациясы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова.