Жолдасбек Дуанабайды еске алуға арналған «Қалам ұшындағы өмір: белестер, болмыстағы нысандар мен естеліктер» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жұрт жадындағы Жолдасбек
903
оқылды

Жамбыл облысы Меркі ауданындағы №5 Ақарал мектеп-гимназиясының мәжіліс залында мәдениет қайраткері,  Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері,  танымал  журналист Жолдасбек Дуанабайды еске алуға арналған «Қалам ұшындағы өмір: белестер,  болмыстағы нысандар мен естеліктер» атты ғылыми-практикалық конференция  өтті.

Мектеп оқушыларына журналистика мен баспа ісі туралы мәлімет беру, олар­дың шешендік өнерге бейімділігін арт­тыру, мамандық таңдауға бағыт беру үшін ұйымдастырылған конференция жоғары деңгейде өтті.
Залда танымал журналистің «Жарқ етіп сөнген бір жасын» атты портреті  орна­тылған, оның шығармашылық өмірінен сыр шертетін «Қаламы ұшқыр қаламгер» деп аталған  әдеби-танымдық бұрыш та  көптеген құнды материалмен жасақта­лыпты.

Іс-шараға арнайы шақырылған қо­нақ­тардың арасында Жолдасбек Дуана­бай­дың ағасы Айтжан Әшімханұлы, қа­лам­гердің қызы Дина Жолдасбекқызы, сыныптас досы Бейбіт Кененбаев, журна­листика саласының ардагері Әтіркүл Исаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Құралай Бағаділова мен осы жолдардың авторы Әлихан Нұралиев болды.

Жиынды алғы сөзімен ашқан  мектеп директоры Нұрила Қойшыманова белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай тура­сында ой қозғап, осы конференцияны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру жайын тілге тиек етті.

Бұдан соң  Жолдасбек Әшімханұлының өмір жолы мен  шығармашылық жолын­дағы тарихи фотосуреттері көпшілік қауымға таныстырылды. Кешке қатысқан  мектеп оқушылары Жолдасбек Дуанабай туралы арнауын оқып, бала Жолдасбектің мектеп қабырғасындағы зеректігімен оның ҚазМУ-ге құжат тапсыру сәтін бейнелейтін сахналық  көрініс қойды.

Конференция кезінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пен ардагер журналист, Бектұрған Жамбабаевтың қалам иесі ту­ра­лы естеліктері бейнетаспа  арқылы көрсе­тілсе, Әтіркүл Тәжібекқызы мен Әли­хан Атыханұлы көпшілік алдында әріптестері жайындағы естелік әңгімесін айтып берді.

Кеш барысында оқушылар Журналис­тика факультетінде Жолдасбек Дуанабай­мен бірге оқып, кейін «Жас Алаш» газеті редакциясында бірге қызмет еткен Гүлнар Жұмабайдың естелігін де нақышына кел­тіріп оқып берді.

Ал Айтжан Әшімханұлы інісінің аса бауырмал болғанын айтып, келешекте оның атын бір көшеге беру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде  осынау тағылымды шараны өткізуге мұрындық болған  мектеп директоры Нұрила Қойшы­манова мен директордың ғылыми-әдіс­теме­лік жұмыс жөніндегі орынбасары Райхан Бәбіжановаға алғысын жеткізді. Танымал журналистің қызы Дина да әкесі жайында тебірене сөйлеп,  Талғат Айтбайдың әке еңбектерін топтастырып, кітап түрінде баспадан шығарғанына ризашылығын білдірді. Ал сыныптасы Бейбіт Кененбаев Жолдасбектің балалық шағы туралы сөз қозғады. Конференция жұмысын қорытындылаған мектеп басшы­сы Нұрила Қойшыманова қайнаған өмір­дің ортасында жүріп, әр өзгеріске өзіндік ойын білдіруге тырысқан журналист Жолдасбек Дуанабайдың есімі мәңгі ұмытылмайтынына сенім білдірді.
Ал журналистің артында қалған еңбек­тері 5-10-сынып оқушыларының зерт­теу нысанына айналмақ.  

Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы» газетінің
бөлім меңгерушісі,
Жамбыл облысы