Жас ғалымдар этноменеджментті және халықтық дипломатияны зерттеуге бағытталған ғылыми жобаларын жалғастыруды көздеп отыр. Ұлттық университет жаңа оқу жылында бұл білім беру бағдарламасын докторантура деңгейінде іске қосады.
2021 жылы ЕҰУ этносаясаттану магистранттарын дайындауға арналған білім беру бағдарламасын алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда іске қосты. Екі жылдық оқу жүйесін университет оқытушылары барлық кәсіби стандарттарға сәйкес әзірледі. Қазақ, орыс және көптілді білім беретін топтар құрылды. Қазіргі таңда 21 адам этносаясат саласын меңгеруде. Олардың 4-і биылғы жылдың тұңғыш түлектері атанды.
«Мамандыққа деген сұранысты ескеріп, «Этносаясаттану» деген жаңа білім беру бағдарламасын іске қосқан болатынбыз. Орталық Азия университеттерінде оның баламасы жоқ. Бүгінгі таңда бұл салада білікті сарапшылар қажет, саясаттануда аймақтық және этносаяси зерттеулер үлкен сұранысқа ие. Биыл алғашқы этносаясаттанушы-магистранттарымыз университетімізден қанат қақты. Негізінен аталған білім беру бағдарламасы бойынша 5 өңірден әртүрлі ұлт өкілдері оқып жатыр. Бұл этносаясаттанушы мамандығына деген сұранысты көрсетеді. Шетелдік университеттер де кәсіби этносаясаттанушыларды даярлауға қызығушылық танытуда», - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Алғашқы түлектер этносаралық қатынастар саласындағы ең өзекті тақырыптар бойынша ғылыми жобаларын сәтті қорғады. Магистрант Хамит Сабден өзінің диссертациясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясына бірнеше ұсыныс жолдаған.
«Оқу барысында жалпы ұлттық саясаттың дамуына елеулі әсер ететін этносаясат ғылымын әр түрлі қырынан жан-жақты зерттедік. Оның ішінде тарихи жад саясатына, халықтық дипломатияға, ұлттық брендингке, ұлттың генетикалық коды баса назар аударылды. Біз тұрақтылықты нығайту және жалпыұлттық саясатты дамыту процестерін қарастырдық. Мен диссертация және ғылыми ізденістер аясында Қазақстан халқы Ассамблеясына этносаясатты жаңғырту жөнінде бірнеше ұсыныстар жолдадым. Жаңғырту тоқтамайтын үдеріс деп есептеймін. Себебі әлем сәт сайын өзгеруде, ал жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалу - әрдайым күн тәртібінде тұрған мәселе», - деп атап өтті ЕҰУ этносаясат магистранттарының алғашқы түлегі.
«Этносаясаттану» бағыты бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі дипломы бүгінгі таңда түлектердің мемлекеттік және саяси басқару құрылымдарында, ғылыми-зерттеу және талдау ұйымдарында жұмыс істеуіне кең түрде кәсіби мүмкіндіктер ашады.
Атап өткен жөн, ЕҰУ жаңа 2023-2024 оқу жылында докторантура деңгейінде «Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» білім беру бағдарламасын іске қосады.