Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте тұрғын үй құрылысы мәселесі қаланы дамытудағы негізгі проблемалардың бірі екенін айтты.
«Тұрғын үй құрылысын ретке келтіру қажет. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп. Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды. Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Мемлекет басшысы үлескерлерден заңсыз қаражат жиналатынын атап өтті. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді.
«Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.