«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жыл басында Атырау облысының жұртшылығымен кездесуінде «Құқықтық көмек» атты партиялық жобаның іске қосылғанын сөз еткен.
Банктер жабылған несиені қайта төлеткен
7,843
оқылды

«Жасыратыны жоқ, қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаты әлі де төмен. Салдарынан, олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда мүдделерін қорғай алмай жатады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отыр. Енді жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетеді. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады» деген сөзін «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жыл басында Атырау облысының жұртшылығымен кездесуінде «Құқықтық көмек» атты партиялық жобаның іске қосылғанын сөз еткен.

Сол кезде партия төрағасы Исатай ауданында белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанмен бірге жергілікті тұрғындармен кездесіп, азаматтарды қабылдаған болатын.

Яғни, «құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жердегі азаматтарға заңдылық тұрғыда көмек көрсету мақсатында облыстағы аудан орталықтарына барып, жергілікті халықтың мәселелерін заңдылық тұрғыда шешуге кеңес беріп, тығырықтан шығудың жолын көрсетеді.  Мысалы, жақында ғана Қарамұрт ауылы тұрғыны Каримжан Адахамов «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалына, яғни партияның «құқықтық көмек» жобаның көмегіне жүгінген. Ол кезінде банктен несие алып, оны төлеп құтылған. Алайда қайтадан сот үкімі шығып Каримжан Адахамовты банк қайта қарыз деп белгілеп, шоттарын бұғаттап тастаған.

Өтініш иесінің мәселесін тыңдаған қоғамдық қабылдаудағы заңгер Хусниддин Сұлтанқұлов азаматқа мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді. Заңгердің айтуынша, несие жабылғаны туралы түбіртектерге сүйене отырып,  сот шешімін бұзуға мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Сөйтіп, заңгердің ықпалымен сот шешімі бұзылып, Сұлтанқұловтың өтініші  қанағаттандырылды.

Тағы бір несиеге қатысты жағдайды Кентау қаласының тұрғыны қозғаған. «Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Қоғамдық жұмыспен айналысқандықтан жалақы да дұрыс түсе бермейді. Тіпті, жалақымыз уақытылы түспей отыр. Шынын айтқанда, наурыз айынан бері жалақы алмадым. Соның кесірінен төленбей қалды» деген жалғыз басты ана  Сәрсенкүл Ашекова  несиеге төлейтін ай сайынғы ақысын графикке қойып беруді сұрап келген. Оның бұл ісін Түркістан облысының атқарушылық округының  жеке сот орындаушысы Ғ.Алиманов мәселені өз қадағалауына алып, «Халық банк» басшысына  телефон соғып, өтініш иесінің берешегін есептеп, графикке қойылуын шешіп берген.

«Құқықтық көмек» жобасының аясында сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіліп қана қоймай, тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі заңгерлік кеңес беріледі. Мәселен, Шәуілдір ауылының тұрғыны «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне заңгердің көмегіне жүгінген.

Өзім  өзбекстандықпын, ол жақтан 2018 жылы қоныс аударғанмын. Осы жақта тұрмысқа шығып, отбасылы болдым. Қазір үш баланың анасымын. Бірақ Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргеніме екі жылдан асты. Әйтеуір құжаттарын әлі реттей алмадық. Ал реттеп апарғанымыз жарамай қалып жатыр. Не істерімді білмеймін, – деген Гүлмира Сахиеваның өтініші қараусыз қалмады. 

Бірден осыған байланысты жауапты мамандар шақыртылып, заңгерлер құжаттарын қарастыра бастады. Нәтижесінде, оның азаматтық алуына толықтай мүмкіндігі бары анықталды. Сөйтіп, заңгерлер қажетті құжаттар тізімін реттеп, тиісті орындарға қалай тапсыру керегін түсіндіріп берді. Оған қоса, мәселе толықтай шешімін тапқанға дейін партия бақылауында болды.

Осы жобаның арқасында шалғайдағы ауыл тұрғындарының көп мәселесі тыңдалып қана қоймай, шешімін табуда. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын біліп, оны қорғай алса әділетті қоғамнан алшақтамағанын көрсетеді.

фото:halyq-uni.kz