Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне аталған мәселені мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Үкіметтің мәліметі бойынша, бүгінде өңірдегі су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі.
Тәулігіне 77 200 текше метр су жетпейді. Ауызсудың тапшылығы, әсіресе, жаз мезгілінде қатты сезіледі.
Мұнайлы ауданында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қазір «Каспий» су тұщыту зауытындағы істен шыққан сорғы қондырғысының жөнделіп жатқанына байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мың текше метрден 10 мың текше метрге дейін азайған.
Аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде су тұщыту зауыттары мен қондырғылардың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Бұл ауызсу беру мөлшерін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды.
Мұнайлы ауданын сумен «Маңғыстау жылу» МКК қамтамасыз етеді. Ауызсу тапшылығына байланысты «Маңғыстау жылу» МКК халыққа суды құбыр арқылы кесте бойынша жеткізеді. Сонымен қатар суды аудан тұрғындарының сұранысы бойынша су таситын көлікпен әкеледі.
«Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобаның жүзеге асырылуы Мұнайлы ауданының ауылдары мен Қарақия ауданы Құрық ауылының тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және су тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.