Ежелден киікті киелі са­наған хал­қымыз осынау түз жануарын ерекше қастерлеп, түрлі аңыз-ертегілерге, жыр-дастандарға арқау қылғаны жасы­рын емес.
«Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?»
1,044
оқылды

 Кие қонған ақ­бө­кендер де қазақ дала­сына ерекше бауыр басқан. Сон­дықтан болар әлем­дегі киік­тердің 90 пайыздан аста­­мы – қазақ дала­сында. Қа­зақстан киіктері әдетте Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясы болып бө­лін­генімен, елдегі ақбөкеннің 90 пайыздайы Батыс Қазақ­стан об­лысының оңтүстік өңі­рін мекендейді. Алайда бұл жануар соңғы үш жылдан бері Батыс жұртының «бас ауруына» айналып келеді. Осы жылғы соңғы дерек бо­йынша, киік популяциясы 2 миллионға дейін өскен. Бұл был­тырмен салыстырғанда 45,3 пайыз­ға көп. Осы мәсе­лемен айналысатын Батыс Қазақстан облысы ғалым­да­ры­ның қорытындысы бойын­ша Орал өңіріндегі шаруа қожалықтарына және киік популяциясын сақтауға оң­тай­лы киіктер саны 450-500 мың бастан аспауы керек. Бұл дегеніміз – 2023 жылы 2 млн басқа жететін киік саны ғалымдар көрсеткен саннан 4 есе артық деген сөз.

Киіктер санының өсуі, олар­дың шаруа қожалықтарының егін­діктеріне, шабындық және жайы­лымдық жерлеріне жайы­луы, малға күні қараған ауыл тұр­ғындарының қысқа қамданып шөп жинай алмауына, егін еккен шаруаларға егінін жинауға және көктемде егіс егуге алған несие­лерін өтей алмауына себеп болып отыр. Киік санын азайтуға халық қауқарсыз. Өйткені Қа­зақстан 2006 жылғы киіктерді сақтау, қалпына келтіру және орнықты пайдалану мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморан­дум мен 1973 жылғы 3 наурыздағы «құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен ха­лықаралық сауда туралы Конвен­ция» (СИТЕС) сияқты халықара­лық уағдалас­тыққа қол қойған. Осыған байланысты киіктің «жойы­­лып бара жатқан жануар» деген мәртебесін «коммерциялық пай­далануға жататын жануар» түріне ауыстыру мәселесі қарас­ты­рылғанымен қандай да бір нақ­ты іс-шаралар әлі қолға алынбай келеді.


Мал ашуы – жан ашуы

Қазығын батысқа қаққан қа­ра­ша ха­лықтың азығын төрт түлік малдан тапқаны баршаға мәлім. Міне, осы ауылдың ырыс-бере­кесі, күн көріп отырған тірлігі – мал болса, сол малды асырай ал­майтындай күйде қалған шаруалар күйігі – киік болғалы 3 жылдан асып келеді. Көптігі қыр қайыс­тырған қалың киік шабындыққа шалғы салғанша танаптарды тап­тап, түк қалдырмайтын түрі бар. Шаруалар соңғы 2-3 жылдан бері дабыл қағып, мал өсіруге мүм­кіндік қалмай бара жатқанына шағым­данып келсе де, күрмеуі қиын мәселенің шешілер түрі көрінер емес.

Қазталов ауданының Қараоба ауылдық округіндегі «Қошпан» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Сүндетов – өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында осы мәселені жиі көтеріп жүрген ша­руаның бірі. Ол әлеуметтік желі­дегі «киікті атпау керек», «бөкен­дердің төрт түліктің жайы­лымына зияны жоқ» деген пікірлерге: «Ша­руаларды залым, қатыгез қып көр­сетудің қажеті қанша? Шаруа­лар: «атып қырып тастаңдар» деп жатқан жоқ қой. Олар: «санын реттеңдер, не болмаса басқа өңір­лерге бөліңдер. Қалай болғанда да жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер деп отыр» деп жауап берген. Со­ны­­мен қатар ол өзінің жеке парақ­шасына киіктер тіпті, жолға шауып шығып, көліктерге авария­лық жағдайлар туғызып жатқан видеолар жүктеп апатты жағдай­ларды бөліскен.

 Жаңақазан ауылдық округі әкімі Сәдуа­қас Губашев болса, «Жаңақазан ауылдық округі бо­йынша 70-тен астам шаруа қожа­лық бар болса, соның 90 пайыздан астамы киіктен зардап шегіп отыр», – дейді.

– Биыл шөптің шығымы ша­малы, қуаңшылыққа таяу. Бұрын­дары киіктер біздің аумаққа қазан айларында келе бастайтын. Оған дейін шаруа қожалықтар шөптерін жинап, қысқы қамдарын жасап алатын. Ал биыл көктем соңынан бастап киіктер маңайымызда күн­де өріп жүретін болды. Шығымы аз шабындығымызға түскен киік­тер бар шөбімізді отап тастады десек болады. Бұрындары шаруа қожа­лықтар өз шабындықтарынан 150-160 орам шөп жинаса, қазір оның саны 40 орамға дейін түсіп кетті. Ауылдың қазіргі басты мә­селесі шаруа қожалықтарды шөп­пен қамтамасыз ету болып отыр. Қазір екі күннің бірінде шаруа қо­жалықтардан шағым түсіп жатады. Кеше ғана осы шөп мә­селесімен қырлардағы шаруа қожалық­тарды аралап қайтқа­нымда, шаруалардың шөппен қоса судың да тапшылығын сезіне бастағанын байқадым. Көктем кезінде жиналатын мал ішетін сулардың денін киік­тер таяздап жатқанын көрдім. Биыл 2 млн-нан асқан киіктердің мәселесін шешпесе, келесі жылы егіздеп төлдейтін түз жануары екі есеге көбейіп кетпесіне кім кепіл, – дейді ауыл әкімі.


«Президенттен көмек сұраймыз»

Ал «ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» РҚБ «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестік төрағасы Лавр Хайретдинов бү­гінде осы мәселеге жіті назар ау­дар­тып, мәселе көтеріп жүрген бел­сенділердің бірі. Ол қарызға бат­қан, берешегі шаш етектен шаруа­­лардың банкрот болуы жақын екенін, осылай бола берсе, шаруалар бұл жерден қаша бас­тай­тын шығар деген күмәнін жа­сыр­мады. «Зардап шеккен шаруа­ларға ешбір банк төмен пайызбен несие бермейді, техниканы ар­занға ұсынбайды. Шөпті сатып алдың-ау, оны тасымалдауға ақ­шаң кетті-ау деп несиесі ке­шіріл­мейді, кешірмек түгілі про­лон­га­ция жасалмайды. Кейбір шаруалар жайылымын қорғау үшін биыл мил­лиондаған қаржы жұмсап, металл бағаналар сатып алған. Осы жанайқайымыз жо­ғарыға, Мемлекет басшысына жетсе екен дейміз», – деген Лавр Рашидұлы Мемлекет басшысына шаруалар атынан хат жолда­ғанын айтты. Хатқа 253 шаруа қожалық жетек­шісі қол қойған. «Жалға жер ал­дық, салығын төлеп отырмыз. Оны киік жеп, отап кетеді. Сонда бізге не пайда?!» – деп күйінеді шаруалар.


Үкімет үнімізді ести ме?!

Киік мәселесінде халық қалау­лылары да үнсіз қалып отырған жоқ. Жуырда Парламент Мәжі­лісінің бірмандатты депутаты А.Құспан, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері С.Имашева, Ү.Шапақ, «Ауыл» ха­лықтық-демокра­тиялық па­триот­тық партиясы фракция­сының мүшелері С.Егізбаев, А.Зейнуллин Премьер-министрге және Ауыл шаруа­шылығы министрі Е.Қарашөкеевке киік мәселесі жөнінде «КИІК МӘСЕЛЕСІ – КҮЙІП ТҰРҒАН МӘСЕЛЕ» деген та­қырыппен депутаттық сауал жолдады. «Киік санының шамадан тыс еселеп өсіп кетуі, бірнеше жылдан бері батыс­қа­зақстандық шаруа қожалық­тарына үлкен материалдық шы­ғындар әкелуде. Биыл бұл жағдай өзінің критикалық ең соңғы нүк­тесіне дейін жеткелі отыр. Ариф­метика тілімен сөйлесек, жазғы мезгілде әрбір киік күніне 6-7 кг шөпті азық қылады, яғни екі миллион киік көктем-күз кезінде 100 мың­дай тонна шөпті жеп жояды. Сонда шаруа қожалықта­рының малына не қалады?! Және мәселе тек шөппен шектелмейді, орташа есеппен әр киік күніне 5 литрге дейін су ішеді, сонда әр тәу­лік сайын 10 мың тонна су тұты­натын 2 миллион киік көк­тем-күз аралығында жергілікті су ресурстарын 2,4 млн тоннаға сарқиды деген сөз. Бұл ауадан алынған сандар емес, батыс­қа­зақстандық ауылшаруашылығы мамандарының өзара бірлесіп атқарған жұмысының нәтиже­сіндегі нақты есеп.

Қазір қоянның жазы қуаңшы­лықпен басталып жатыр. Осы онсыз да аз шөпті киік жеп бітіруге жақын, сондықтан биыл БҚО оңтүстік бағытында орналасқан 5 ауданның қожалықтары мен мал иелері жарытып шөп шауып, қыс­қа мал азығын жеткілікті дайын­дай алмайтыны анық. Олар: Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңа­қала, Казталов және Ақжайық аудандары. Сондықтан алдағы қоянның қысында (2023 жылдың желтоқсаны – 2024 жылдың ақпаны) малға берер дымы жоқ болған­дықтан, Үкіметтен көмек болмаса жұт қаупі төніп тұр», – деген сауал жолдаған халық қа­лаулылары мәселе оң шешімін тап­паған жағдайда Батыс Қазақ­стан облысы үлкен толқулардың ошағына айналу қаупі барын да ескертті.

                Тұйықтан шығар жол қайсы?

Киік мәселесін зерттеп жүр­гендердің бірі – ғалым, экономист Айтуған Мұқашев. Ол тіпті, киіктерді қолға үйретуді қолға алып, 70 бас ақбөкеннің лағын жеке қожалықта өсіріп те бастаған болатын. «Киік мәселесі бүгін туындап отырған мәселе емес. Үш жыл бойы шаруалар зар қақсап келді. Оған құлақ асқан ешкім болмады. Ақыры, міне, жағдай күрделеніп кетті. Біздің елімізде киік мәселесі ғылыми тұрғыда қарастырылмаған. Бізде тек мүйізі үшін қаншама киік босқа қы­рылады. Сол кезде маған неге біз тек киіктің мүйізін кесіп алып, денесін қоқысқа тастаймыз, неге киіктің еті мен терісін дұрыс пай­даланбасқа деген ой келді. Қазіргі таңда киікті союға рұқсат жоқ. Сондай-ақ киікті басқа елге шығаруға да болмайды. Мысалы шет елдердің зообақтарында киіктерді мүлдем көрмейсіз. Біз неге сол шетел зообақтарына киік­терді сатпаймыз. Біздің елі­міздің бренд киіктері әлемнің үл­кен зообақтарында тұрса қан­дай жақсы? Біз неге киіктердің еті мен терісін ғылыми тұрғыда пай­даға асыр­маймыз?», – дейді Мұқашев.

Сонымен қатар ол «Құзырлы мекемелер киіктерді біресе «ату керек» десе, біресе «атпау керек» деп жатады. Егер ататын болса, онда осы уақытқа дейін киіктерді атып сотталған, киіктерді қорғай­мын деп қаза болған қанша адам­дар бар? Ендеше, оларға мораль­дық өтемақы болуы керек қой? Көрдіңіз бе, бізде бірізділік жоқ», – деп атап өтті ол.

 

Наурызбек САРША