Түркістан облысы Қазығұрт ауылының тұрғыны Сағидулла Жұматаев жуырда партия қатарына қабылданды.
Жұматаев: Ауыл тұрғындарына қарызсыз өмір сүруге болатынын түсіндіргім келеді
2,542
оқылды

Партияға мүше болудағы мақсатын «AMANAT»-тың ел мен халық игілігі үшін атқарып жатқан оң істерімен байланыстырған зейнеткер сол жұмысқа өзі де үлес қосқысы келеді. 

«AMANAT» партиясы Президентіміздің Әділетті Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау білдіріп, осы жолда көп іс атқарып жатыр. «AMANAT» сайлау алдында ғана бой көрсетіп немесе теледидардан ғана көрініп жүрген партия емес. Оның барлығын көріп-біліп отырмыз. Жасым жер ортасына келсе де, партиямен бірге мемлекетімізге, халыққа қолғабысымды тигізсем деген ниетпен партияның аудандық филиалына барып, мүшелікке өту туралы өтініш жаздым», – дейді Сағидулла Жұматаев.

Сағидулла Жұматаев – 30 жылдай құқық қорғау органдарындағы ең бір жауапты бөліністерде қызмет атқарған, бүгінде саланың құрметті ардагері. Әр нәрсенің астарына үңіліп, сын көзбен қарау оның кәсіби дағдысы. Сондықтан да ол «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы естіген кезде алдымен сынап көрейінші деген ойы болғанын жасырмады.

«Алғашында бұл қандай жоба екен сынап көрейінші деп қатысқаным рас. Содан кейін мұның нағыз халыққа қажетті, дәл қазіргі уақытта өте өзекті мәселе бойынша қолға алынған жоба екеніне көзім жетті. Қазір халық арасында бір-бірімен бәсекелесіп, шамасы жетпесе де оңды-солды қаражат шашатын, сөйтіп қарызға бататын даңғаза әрекеттер көбейіп кетті. Ал «Қарызсыз қоғам» осындай қаржылық сауаты төмен адамдар үшін нағыз қажетті, халықтың көзін ашатын жоба екен. Жобаға бір апта қатысып, тіпті өзіме конспектілеп те алдым. Қазір ағайын-туғанға, көрші-қолаңға айтып, түсіндіріп жүрмін», – деді ағынан жарылып.

Ол миллиондап несие алып қайтара алмай жүрген, қарызын қайтару үшін тағы да несие алып, қарыз үстіне қарыз жамап жатқандардың көптігіне қынжылысын білдірді. Қолда бар қаржымен дамудың жолын үйреткен  «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып көргеннен кейін зейнеткер қазір «AMANAT»-тың басқа да бастамалары мен жобаларынан тыс қалмауға тырысады.

«Партияның «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобалары аясында атқарып жатқан жұмысынан да хабардармын. Мәселен, біздің ауданымыздағы Алтынтөбе, Қарабау деген ауылдық округтерде жерді бір кездері бай-бағландар иемденіп алған еді. Бүгінде «AMANAT» партиясының араласуымен сол жерлер халыққа қайтарылып жатыр. Осындай игі істерді көзіміз көріп отырғаннан кейін партияға деген сеніміміз артып, оның қатарында болу туралы шешім қабылдадым. Мен үшін «AMANAT» – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баянды бастамаларына шынайы қолдау көрсетіп, Отанымызды гүлдендіру жолында баршамызды жұмылдыра білетін бірден-бір партия», – деп түйді С. Жұматаев.

Еске сала кетейік, жақында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысына арнайы іссапармен барып, өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен партиялық жобалардың іске асырылуын талқылаған болатын. Сондай-ақ сапар барысында Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасының бірқатар қатысушысына салтанатты жағдайда партия билетін тапсырды.