Соңғы жылдары Жамбыл об­лы­сында суицид деректері жиілеп кет­кені жасырын емес. Әсіресе, өз-өзіне қол салу фактілері жасөспірімдер арасында көп.
«Ажал аймағына» айналған алаң
505
оқылды

 Тараздың Қаратай Тұрысов көшесі бойындағы құрылысы аяқталмаған нысан ел ішінде «ажал аймағы» атанып кеткен. Олай дейті­німіз, дәл осы «сақалды» құры­лыс аумағында өмірін қиғысы келген жас­тардың саны артып барады.

Ең әуелі аталған нысанның 5-қаба­тынан секірмек болған студент қызды медресе тәрбиеленушісі аман алып қалды. Биіктен секіруге бекінген қызды тәртіп сақшылары мен оқу орнының басшылары райынан қайтара алмағаннан кейін бой­жеткенмен дін жолындағы азамат тілде­седі. Абырой болғанда, ол қызды өз-өзіне қол салу ойынан қайтарып, ажал тырна­ғынан құтқарып қалды.

Арада көп уақыт өтпей, құрылысы аяқталмаған осы нысанда тағы бір бойжеткен суицид жасамақ болды. Емтиханнан төмен бал алып қалған қыз «шәкіртақыдан қағылатын болдым» деп өз-өзіне қол салуға ұмтылған. Ол суицидке алдын ала дайындалып, анасына қоштасу хатын да қалдырған. Хатты оқыған жақындары бойжеткенге іздеу жариялап, оны «ажал аймағы» аталған нысанның 5-қабатынан табады. Мұнда да түсіндіру жұмыстарының арқасында қыз аман қалады.

Осы оқиғадан кейін қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті полиция қызметінің өкілдері қоршауға алып, тәулік бойы кезекшілік жүргізген. Алайда бұдан түк шықпай, 2021 жылдың наурыз айында аталған нысанның бесінші қабатынан тағы бір ер азамат секіруге әрекет етеді. 29 жастағы қала тұр­ғыны өзі жұмыс істейтін кәсіпорын бас­шылығы жұмыс барысында алған жара­қаты үшін өтемақы төлеуден бас тартқаны үшін қамығып, өз-өзіне қол салуға бекінген. Абырой болғанда оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Тазабеков дер кезінде жетіп, өзінің келіссөз кезіндегі шеберлігінің арқасында азаматты райынан қайтарды.

Ал биылғы мамыр айында қараусыз қалған құрылыс нысанының маңынан мектеп оқушысының мәйіті табылды. Полиция департаментінің мәліметінше, жас­өспірім жоғары қабаттан секіріп кет­кен.

«Жасөспірімнің Қаратай Тұрысов кө­ше­сінде орналасқан құрылысы аяқтал­маған ғимараттан секіргені анықталды. Осы дерекке қатысты Қылмыстық ко­декстің 105-бабы 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамның өз-өзіне өлтіруге дейін жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот медициналық сараптамалары тағайындалды. ҚР Қыл­мыс­тық кодестік процестің 20-бабына сәйкес өзге де мән жайлар жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтар­құлова.
Осы оқиғадан кейін жұрт «ажал айма­ғына» айналған нысанның құрылысын меншік иесі не себепті аяқтамай отыр­ғанын сұрап, жергілікті билік өкілдеріне шағымданған. Алайда дәл осы қаңырап тұрған бос ғимараттың тылсымымен қатар, құпиясы да көп. Турасын айтсақ, нысан кімге тиесілі екенін бүгінге дейін ешкім тап басып айта алмады. Бір анығы, 2014 жылдың 1 тамызында «Береке-5» деп аталатын серіктестік нысанды Наталья Багданова есімді кісіден сатып алған екен. Одан әрі 5 589 шаршы метр жерді алып жат­қан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болған. Алайда арада 10 жыл өтсе де, нысан сол қаңыраған күйі тұр. Сондай-ақ «Береке-5» ЖШС иесі туралы да мәлімет табу қиын. Жерге жауапты мамандар ғимарат жекеменшікке тиесілі болғандықтан, оның құрылысына ара­ласа алмайтындықтарын айтып, ақтал­ған. Алайда Тараз қаласын Ержан Жылқы­баев басқарып тұрған тұста нысан студент­тер жатақханасына айналатындығы тура­лы ақпар тараған-ды. Бірақ бұл жоба да толықтай жүзеге аспады. Сол себепті Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құры­лысы бөліміне қайырылып, аталған ғима­рат­тың болашақ тағдыры туралы білген едік.

Қазір шаһарда 35 нысан «сақалды» құрылыс ретінде танылып отыр. Тоқтап қалған құрылысты аяқтау мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесінде 15 ғимарат толықтай салынып бітті. Ал 9 нысандағы құрылыс қаржылық қиындық­тарға байланысты толықтай тоқтатылған. Олардың ішінде Қаратай Тұрысов көшесі, 5 «В» мекенжайы бойынша облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің артында орналасқан көпқабатты ғимарат та бар. Бірнеше оқыс оқиға болған бұл нысанның құрылысын аяғына жеткізу мәселесі ұзақ жылдар бойы көтеріліп келсе де, шешімін таппаған. Аталған нысанға қатысты мәселенің нүктесі жуық арада қойылады.

Сонымен қатар қалған 8 нысанның иелеріне де ескертпе хаттары жолданып, оларға 2 ай ішінде құрылысты жандан­дырып, келер жылдың аяғына дейін аяқтау туралы талап қойылған екен. Талап орын­далмаған жағдайда олардың да мәселесі сот арқылы шешілмек.

Нұрсұлтан Арқабайұлының айтуынша, қалада құзырлы мекемелердің рұқса­тынсыз құрылыс жүргізетін кәсіпкерлерге тоқтам болмай тұрған көрінеді. Заңға қай­шы келетінін біле тұра мұндай әрекетке бар­ған бизнес өкілдеріне қолданылатын жаза да қатал болмақ. Мәселен, қазірге дейін қала бойынша 49 ғимарат заңсыз салынғаны анықталып, 41-нің иелеріне 6 748 230 теңге көлемінде айыппұл салын­ған.

Әрине, заңға бағынбағандарды жазала­ған дұрыс. Алайда Қаратай Тұрысов көше­сі бойындағы «сақалды» құрылыс сынды нысандарға қатысты батыл шешімдер қабылданғаны жөн. Себебі айыппұл салу ар­қылы адам өмірін кері қайтара алмай­мыз. Сондықтан сот шешімімен сүрілмек болған нысан иесі тағы сытылып, жолын тауып құтылып кетпеуін құзырлы органдар қадағалайды деп сенеміз.


Жамбыл облысы
Саятхан САТЫЛҒАН