Міндетті сақтандырусыз көлік жүргізгендер 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер заңдастырылмайды
723
оқылды

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктерді заңдастыру мәселесі қарастырылмайтынын мәлімдеді.

«2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктерге қатысты айтсақ, оларды заңдастыру мәселесі қарастырылмайтынын айтайын. Азаматтарға заңдастыру біржолғы сипатта болатыны ескертілді. Бұдан былай ел аумағында шетелдік автокөліктерді заңсыз әкелу мен пайдаланудың жолдарын болдырмау үшін шаралар қабылданады. Мәселен, ағымдағы жылдың 12 қаңтарынан бастап заңнамалық өзгерістерге сәйкес Қазақстан азаматтары шетелдік автокөліктеріне автосақтандыру шартын жасай алмайды», - деді комитет төрағасы.

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске сәйкес, міндетті сақтандырусыз көлік жүргізгендер 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі керек.

«Сондай-ақ, аталған жағдайларда полиция қызметкерлері автокөліктерді ұстап, оларды арнайы автотұрақтарға жеткізуге құқылы. Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі халық арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - деді Қайсар Сұлтанбаев.