Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Түркістан облысындағы қыздың өліміне қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасады
971
оқылды
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында қыз баланы өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген ҚР Бас прокуратурасының хабарламасында.

Құзырлы ведомство 13 шілдеде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында зорлықпен өлім белгілері бар жасөспірім қыздың мәйіті табылғанын еске салады. Сол күні полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған аудан тұрғыны Г. ұсталып, УҰИ-на қамауға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. 

"Күдікті Г. 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені анықталды. 2023 жылдың мамырында Г. алкогольдік ішімдік ішіп отырып екеуара шыққан жанжал кезінде ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған. Сот Г. жәбірленушімен татуласқанын және оның бұрынғы соттылығы өтелгенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындаған", – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.

Бас прокуратура аталған үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыруды тағайындау туралы кассациялық наразылық келтірді.

Пробациялық бақылауда болған Г. аса ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.