Алтай өлкесінің Барнауыл қаласында Қарағанды облысы Тәттімбет атындағы академия­лық ұлттық аспаптар оркестрінің «Ұлы Дала сазы» атты концерті өтті.
Барнауылда қазақ әні шырқалды
420
оқылды

Тәттімбет атындағы академиялық оркестр әлемнің 40-тан астам елінде гастрольдік сапарда болып, әлемге танылса да Барнауылда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты Отандастар қорының ұйытқы болуымен бірінші рет өнер көрсетті.

Концерттің өтуіне септігі тиген тағы бір ұйым – Алтай өлкесіндегі Қазақ ұлт­тық автономиясы. Автономия жетекшісі Мұрат Бекмұратовтың айтуынша, ұлттық әуендер бабалар рухын оятады. Бір жа­рым сағатқа созылған концерттің соңын­да қандастарымыз «Атамекен» әнін қосыла шырқады.

Тәттімбет атындағы академиялық оркестр мүшелеріне Алтай аймағының губернаторы Виктор Томенко, Алтай аймағының заң шығарушы органының төрағасы Александр Алексеевич Рома­нен­ко, Барнауыл қаласының әкімі Вячеслав Генрихович Франк және Барнауыл қалалық думасының төрағасы Буевич Галина Александровна ыстық ықыластарын білдіріп, арнайы гүл шоқтарын жіберді.  

Қазақстан Республикасының Пар­ламент депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Болат Керімбек және жазушылар Бота Баман, Жәди Шәкенұлы, Кәдірбек Құныпияұлы, журналист Ауыт Мұқи­бекұлы бар зиялы қауым өкілдері жергі­лікті тұрғындармен тілдесіп, ұсыныс пікірлерін тыңдады.

Концерттің жабылу салтанатын түйіндеген «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде стратегиялық әріптес екі ел арасында саяси-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гума­ни­тарлық байланыстар жоғары деңгейде екеніне тоқталып, осы концерт те халық­тар арасындағы достық қарым-қатынасқа оң септігін тигізеді деп сенім білдірді. Жалпы, «Отандастар» қорының этника­лық қазақтармен қатар, кезінде Қазақ­станда туып-өскен, кейіннен өз тарихи отанына оралған бұрынғы отандастармен де жұмыс жүргізуге жауапты ресми ме­кеме екенін атап өтті.

Сондай-ақ қор басшысы Абзал Са­пар­бекұлы Алтай өлкесіндегі Қазақ ұлттық  автономиясының жетекшісі Мұ­рат Бекмұратовты Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төсбелгісімен және Алғыс хатымен  марапаттады. Сонымен қатар бірқатар белсенді азаматтарға, атап айтқанда, Жанат Мырзахметұлына, Жа­нар Сүлейменоваға, Бақытжан Солтан­ғазиноваға, Аида Русланқызы Бексұл­тановаға «Отандастар» қорының Алғыс хаты және «Алғыс» естелік медалі табыс етілді.