Бұрмаланған ақиқатты тарихшылар ғана емес жазушы, журналист, өлкетанушылар ашып, өткенді жаңа тұрпатта жаза бастады. Өткен ғасырдағы отарлаушылықтың ақиқаты толық ашыла қоймады. Ұлт-азаттық көтеріліс деп тек 1916 жылғы дүрбелеңді ғана айтамыз. Бүгінде 1920 жылдардың соңы – 30-жылдардың басында бой көтерген «Боқты көтерілісі» де ұлт-азаттық көтеріліске жатқызылуы керек» деген тұжырым айтылуда. Оған негіз де бар.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген Голощекин басқарған қазақ даласында бірнеше рет болшевиктерге қарсы көтерілістер болды. Бір деректерде сол жылдары Кеңес саясатына қарсы 372 халық наразылығы болып, оған 80 мыңнан астам адам қатысқан делінеді. Сондай көтерілістердің бірқатары 1930 жылдары Семей өңірінде болды. Олардың қатарында Өскемен және Зырян көтерілістері, Шұбартау, Абыралы, Шыңғыстау көтерілістері және тарихы әлі толық зерттелмеген Боқты көтерілісі бар. Бұл көтеріліс Қарқаралы-Балқантау өлкесіне жататын, бұрынғы Қарқаралы уезі, Ақсары болысына қарасты №1 ауылында (1928 жылдан Қу ауд. №10 а.) өтті.
Боқты көтерілісі туралы ашық айтыла бастағанда, алғашқылардың бірі болып қолына қалам алып, зерттеуге кіріскен жазушы, этнограф Төрехан Майбас еді. Ол: «1931 жылғы 8 майда ашылған №02157 істің айыптау қорытындысында былай деп жазылған: «1931 жылы наурыздың ортасында мүлкінен айырылған ағайынды байлар Әбді Серіков, Әшкер, Мұқаш, Ыбырай және олардың балалары ауылда коллективтендіру тәрізді саяси шаруашылық науқанын жүргізу, тап ретінде байлар мен құлақтарды жою кезінде Қазақстанда Кеңес үкіметі құлайды деген өсек таратып, Қу және Қарқаралы аудандарының территориясында құрамында 500-600 адамы бар контрреволюциялық банда ұйымдастырған. Олар біраз ауыл кеңестерін, колхоздарды, коммунистерді, қару-жарақты басып алып, Кеңес үкіметін құлатып, байлардың үкіметін құруды мақсат еткен», – дейді.
Халық көтерілістерін басу үшін 1931 жылдың 14 наурызы күні Қарқаралыда коммунистер мен комсомолдардан айрықша маңыздағы рота жасақталады. Үш взводтың әрқайсыcында 20-дан атқыштар болған. Олар аудандық атқару комитетін, әскери комисариатты, аудандық партия комитетін, мемлекеттік банкті, сондай-ақ маңызды кәсіпорын ошақтарын тәулік бойы күзетті. Қолына «бердеңке», беліне наган байлаған милиция отряды өз алдына жеке. 22 наурыз күні ОГПУ, милиция және еріктілерден құралған бөлімше әскерлерінің біріккен тобы үлкен күшпен Боқты көтерілісшілерін қоршап алып, жан-жақтан жойқын шабуыл бастайды. Бірақ жер жағдайын жақсы білетін жергілікті қазақтар қоршауды бұзып шығып, Ақтоғай ауданының аумағына өтіп кетеді. Дегенмен кескілескен ұрыста көтерілісшілердің біразы қолға түсіп қалады. Енді Керегетас тауына бекінген топ қатарын Кеңес өкіметіне наразы жаңа адамдармен толықтырып, қарсылықты бұрынғысынан да өршіте түскен.
Сонымен қатар айтылмай қалған, бірақ ел аузында жүрген жайттар да зерттеушілердің қаламынан қағазға түскен.
«Тоқсаныншы жылдардың аяғында белгілі жорналшы Серікбай Алпысов «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде «Қамбарлар көтерілісі» деген көлемді мақала жариялады. Соған орай редакцияға хабарласушылар көп болды. Сол келушілердің бірі Боқты көтерілісін басуға айырпланның қатысқанын айтып еді. Мұндай әңгімені белгілі жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегі ағамыз да айтады. Ағамыздың айтуы бойынша бұл әңгімені әкесі Ыбыш Жүнісов айтқан екен. Ал Ыбыш әкеміз үлкен қызметтер атқарған адам. Ақтоғай, Шет аудандарының аудандық газеттерінде редактор болып қызмет істеген. Көптеген танымдық мәні бар жазбалар қалдырған» деп жазады Төрехан ағамыз.
Иә, бұл айтылған, жазылған дүние атышулы көтерілістің бір ғана эпизоды десек те болады. Анығында айтылар, ашылар ақтаңдақтың ауылы алыс емес...
фото: https://e-history.kz
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы