Көктем айында «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған республикалық сайлауалды штабының Сыр өңіріндегі ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесуінде егінжайдағы еселі еңбектің екпінін арттыруға баса мән берілген болатын.
«AMANAT»: Ауыл халқының несібесі артты
935
оқылды

Соның ішінде егістік алқаптағы су тапшылығы, субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктер мен басқа да түйткілдерді қаузаған болатын.

Негізі өңірде егін егуге ынталы азаматтарға жер беру мәселесі назардан тыс емес. Бүгінде аталған мәселе аяқсыз қалмай, ауылдағы ағайын дала төсін дүбірге бөлеп жатыр.

Жергілікті жұртшылықтың сұрауымен «Аманат» партиясы, жергілікті әкімшілік және «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-мен бірлесіп, бау-бақшасын жайқалтуға ниетті жандарға егістік жер беру мәселесі назарға алынды. Нәтижесінде Қызылорда қаласы тұрғындары үшін Қарауылтөбе ауылдық округі аумағынан егін егуге ынта білдірген  әрбір тұрғынға 10 сотық жер беруге шешім қабылданды.

Осылайша тұрғындардың өтініші оң шешімін тауып, бау-бақша өсіруге ынта білдіргендер қажетті егістік жерге қол жеткізді. Алдымен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты тарапынан тұрғындарға берілген жерлерді ашып, жыртып, қарықтау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ғылыми зерттеу институты мамандары бақша дақылдарын егуге ниет танытқан азаматтарға жергілікті жерге төзімді бақша өнімдерінің дәнімен қолдау көрсетіп, қажетті кеңестерін берді.

«Жалпы ауылда мұндай жұмыстар өткен жылы да қолға алынған еді. Биылғы жұмыс соның жарасымды жалғасы десек болады. Осы жылы екінші мәрте ауыл халқының бау-бақша дақылдарын егуге жағдай туғызу мақсатында күріш институты тарапынан тұрғындарға берілген жерлерді дайындауға ықпал етті. Егістік алқапты суару мәселесі де оңтайлы шешімін тапты. Осылайша жер алуға өтініш берген 90-ға жуық тұрғынның талабы қанағаттандырылды», – дейді бұл жайында Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Еркін Ахетов.

Негізінен аталмыш жұмыстар Қызылорда облысы әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Осы арқылы өңірле азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етуші дала еңбеккерлерінің үлесін арттыруға негіз қаланып отыр. 

Жалпы биыл облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып отырған мұндай  жұмыстар тиімділігін ле көрсетуде. Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.

«Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, бақша дақылдарын егу үшін өңірде 5542 мың отбасына 3 282,4 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді. Атап айтқанда, 1021 гектарына картоп, 866 гектарына көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді. Сонымен қатар, егісті суаруға қажетті насос қондырғылары, тұқымдар, егістікті қоршау, тұрғындарды егіс басына тасымалдауды ұйымдастыру шаралары атқарылды. Бұдан бөлек, егінге су беруді үйлестіру, жиын-терімге дейінгі барлық жұмыстар тұрақты бақылауда», – деп түсіндірді басқарманың баспасөз қызметі.

Жалпы бұл жұмыстар облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының тікелей бақылауымен тұрғындардың азық-түлік қорын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Бұл тұрғыда шаруаларға  жер телімдерін дайындап, ұсыну негізінде аудандар мен қала әкімдеріне берген тапсырмасы нәтижелі үйлесім тапты. Нәтижесінде бақшалық жер дайындау ауылдағы ағайынға   қолайлы, әрі тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетіп отыр.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы