Қазіргі уақытта ол тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы кәсіпорынға айналды. Алдағы уақытта мұнда бройлер өсіру өндірісінің үшінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру өндірісті тірі салмақтағы құс көлемін жылына 56 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді.
Фабриканың үшінші кезегінің құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Жобаға салынған инвестиция сомасы 25 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта құс фабрикасының қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Құс фабрикасының аумағы мен қуатын арттырудан бөлек, үшінші кезек жобасы жаңа құс қораларын салу, союдан қалған қалдықтарды қайта өңдеу жабдығының қуатын тәулігіне 133 мың бастан 140 мың басқа дейін ұлғайту, жем түйіршіктендіру желісінің өнімділігін сағатына 20 тоннадан 30 тоннаға дейін арттыру және өндірістің өзекті талаптарына жауап беретін дайын өнімді сақтауға арналған орындар көлемін ұлғайту кіреді.
Макинск құс фабрикасы үшінші кезегінің құрылысы – құрамына осы өндірістік кәсіпорын кіретін AITAS холдингінің стратегиялық жоспарының ажырамас бөлігі. Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін іске қосу жобасы импортты алмастыру және аймақты дамыту, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру сияқты әлеуметтік нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 1900-дан астам адам жұмыс істейді.
«Макинск құс фабрикасы және үшінші кезек жобасы құрылысының жүзеге асырылуы – бұл Қазақстанның құс шаруашылығы саласына қосылған үлес, құс фабрикасының өзінде де, МҚФ айналасында дами бастаған басқа да шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс орындарын құру. Біз өз қызметі аясында Бұланды ауданы мен Макинск қаласын дамытуға қатысып келе жатқан Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорымен өте жақсы серіктестік қарым-қатынастамыз. AITAS – осы қордың бас демеушісі, ол ақшалай қаражатты өңіріміздің инфрақұрылымын, білім саласын, медицинасын дамытуға бағыттайды», – деді фабриканың бас директоры Ришат Раисов.
Бүгінгі таңда кәсіпорында 17 өндірістік нысан, атап айтқанда, инкубатор, әрқайсысында 12 құс алаңы бар қолданыстағы 8 құс қорасы және пайдалануға берілу жоспарланып отырған 4 құс қорасы, құс өңдеу зауыты, құс саңғырығын, ет және сүйек қалдықтарын қордалау алаңы, жем өндіру цехы бар. Өндірістің биоқауіпсіздігі мен экологиялық талаптарын сақтау мақсатында кәсіпорында инкубациялық өндіріс, құс өсіру, сою және ет-сүйек ұнын өндіру сатыларында жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады.
Құс фабрикасының аумағында орналасқан барлық ғимараттың жалпы ауданы 300 мың шаршы метрден асады. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Baiterek Venture Fund венчурлық қорының және Қазақстанның Даму Банкінің кредиттік желісінің қолдауымен AITAS холдингінің дамудың ұзақмерзімді стратегиясы шеңберінде іске асырылуда.
Наурызбек САРША