Аталмыш іс-шара аясында бас қалада ресми қызмет ететін діни бірлестіктердің шығу тарихы, діни ғибадат ғимараттары жайында жазылған «Елорданың діни нысандары» атты энциклопедияның тұсаукесері өтті.
Аталған кітап – елордадағы діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы жазылған тұңғыш туынды. Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мамандары, елордалық діни бірлестіктердің басшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметшілері қатысты. Бұл кітап 16 тарауға бөлінген. Әрбір тарауда Астанадағы конфессияларға қатысты жан-жақты ақпарат берілген.
– Қазір елімізде сәулеті мен сәні келіскен діни нысандар жетерлік. Осы орайда 2016 жылы Дін істері жөніндегі басқарма тарапынан елорданың діни бірлестіктері туралы кітапшалар жасау идеясы құрылды. Бұл кітапшалардың негізгі қызметі қала тұрғындары мен қонақтарына Астана қаласында қызмет ететін әр діни бірлестіктер жайлы қысқаша жинақталған ақпараттарды ұсыну болды. Авторлар кітапта еліміздегі күрделі поликонфессиялық жағдайды жақсы түсіндіре білді деп ойлаймыз әрі бұл әдебиет атқарушы органдар мен жергілікті діни қауымдастықтардың толерантты қарым-қатынасын жетілдіруге ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ