Биыл жыл соңына дейін Ақмола облысы Целиноград ауданы Жаңажол ауылында 80 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Жақында аудандық партиялық бақылау комиссиясының мүшелері инспекциямен бірге құрылыс алаңына барды.
Мектеп партияның Ақмола облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынып жатыр. Қазіргі уақытта ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Онда әрлеу жұмыстары, қабырғаларды сылау, терезелер мен электр жабдықтарын орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Жаңа ғимаратта 1-сыныптан 9-сыныпқа дейінгі оқушылар білім алады. Мектептің айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселіп, жаңа футбол алаңы салынады.
«Біз мұнда екінші рет келіп отырмыз. Алғаш рет келгенде құрылыс енді ғана басталған еді. Жалпы, ауылда көптеген оң өзгерістер бар. Жаңа асфальт төселген, жолдар жөнделіп, ауыз су берілген. Енді биыл жаңа мектеп салынып жатыр. Бұған дейінгі мектеп 1963 жылы салынған. Жақсы жаңалық көп. Сонымен қатар, ауылға көшіп келетіндер саны артып келеді», – дейді «AMANAT» Целиноград аудандық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Жанат Түгелбаев.
Айта кету керек, алдағы 5 жылда өңірде 82 мектепке күрделі жөндеу жүргізу, 39 мектеп салу, облыстағы барлық мектепті сапалы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бастауыш сыныптың әрбір оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.