Шетелден инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азияда алдыңғы орында.
Былтыр Қазақстанға 28 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылған
1,009
оқылды

Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28 млрд долларды құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді.

«Сыртқы істер министрлігінің инвестицияларды тарту жөніндегі жемісті жұмысының қорытындылары жақында ЮНКТАД-ның 2023 жылғы Әлемдік инвестициялар туралы баяндамасында көрсетілді. Теңізге шыға алмайтын 32 дамушы елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция бойынша 6%-ға өсім байқалады. Олардың ішінде ең үлкен көлем Қазақстанға тиесілі. Сондай-ақ Қазақстан посткеңестік кеңістіктің 15 елі арасында және Орталық Азияда 61% үлеспен инвестиция тарту бойынша жетекші орынға ие болды. Бұл ретте, Өзбекстан – 2,5 млрд доллар, Литва – 2,2 млрд доллар, Беларусь – 1,6 млрд доллар, Латвия – 1,5 млрд доллар, Эстония – 1,2 млрд доллар, Түрікменстан – 936 млн доллар, Украина – 848 млн доллар инвестиция тартқан», – деді министрдің орынбасары.

Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28 млрд долларға жеткен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 17,7%-ға артық. Алмас Айдаровтың айтуынша, аталған меже кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Яғни, соңғы рет ең көп инвестиция 2012 жылы тартылған. Онда қаражаттың жалпы көлемі 28,9 млрд доллар болған еді.