Павлодар қалалық соты ҚР ҚК 190-бабы бойынша алаяқты кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды.
Павлодар тұрғыны «жыннан қорғағаны» үшін 120 млн теңге алған
2,444
оқылды

Абай облыстық әйелдер колониясына «жыннан қорғаймын» деп 120 млн теңге табыс тапқан Павлодар қаласының тұрғынын қамады. Бұл туралы Абай облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Павлодар тұрғыны жерлесін 120 млн теңгеге алдап соққан. Ол өзінің «дәстүрлі емес емдеу қасиетіне және тылсым күшке ие екеніне» сендіріп, барлық отбасы мүшелерін «жындардан қорғау» керегін айтқан.

Сөйтіп, 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың тамызы аралығында кәсіпкер әйел «емшіге» «жындардан қорғану» үшін ақша беріп отырған. Ақшалай қаражаттың жалпы сомасы – 120 млн теңге.

Павлодар қалалық соты ҚР ҚК 190-бабы бойынша алаяқты кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Ол орташа қауіпсіздіктегі колонияда жазасын өтейді.

«Колонияға келген соң сотталушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Күн сайын тәрбиелік және психологиялық әңгімелер өткізіледі. Ол жасаған ісіне өкініп, өз іс-әрекеттері үшін кешірім сұрайды. Абай облысындағы әйелдер колониясында отырған әйелдердің 50%-ы ҚР ҚК 190-бабы бойынша (алаяқтық) жазасын өтеп жатыр», – делінген баспасөз мәлімдемесінде.