Қала көрінісіне бояу беріп, көркіне көрік қосқан да осы – ағаштар. Алайда олардың бәрі бірдей жайқалып тұр деуге келмейді.
Алматылықтар ескі ағаштардың көптігі оқыс оқиғаларға апарып соғуы мүкін екенін айтып шағымданады. Әсіресе, қатты жел тұрған кезде ағаш бұтақтары құлап, ауладағы көлікті басып қалуы, я болмаса ойнап жүрген баланың не өтіп бара жатқан жүргіншінің үстіне құлап, бір жерін майып қылуы мүмкін. Тіпті соңы адам шығынына алып келген оқиғалар да аз емес. «Мұндай ағаштардың астынан өту – басымызды қатерге тіккенмен бірдей» дейді жергілікті тұрғындар.
Бүгінде шаһарда жалпы саны 4 миллионнан астам ағаш өседі. Соның ішінде 84 мың ағаш – әбден қураған. Оның 35 мыңы көше бойларында болса, 49 мыңы аулаларда орналасқан. Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының мониторинг бөлімінің басшысы Нұрлан Құттыбаевтың айтуынша, ағаштарды тізімдеу жұмысы 2019 жылы жүргізілген. Нәтижесінде, қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіретін шіріген ағаштар анықталған. Әбден қураған ағаштарды кесу жұмысы былтыр басталған. Басқарма биыл 16 925 ағашты кесуді және оның орнына 169 250 көшет отырғызуды жоспарлап отырғанын айтады. Қызметке 33 бригада тартылса, оның ішінде 180-нен астам адам жұмыс істейді. Ал Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жаныспаевтың дерегіне сүйенсек, діңі бұзылған ағаштардың басым бөлігі ХХ ғасырдың 60-70 жылдары отырғызылған. Қатер төндіруі мүмкін ағаштарды зерттеп, анықтау үшін әр ауданда қоғам қайраткерлері мен жасыл желекке бейжай қарамайтын азаматтардан тұратын «Жасыл комиссия» құрылған. Олардың қатарында экологтар мен биологтар да бар. Алмалы ауданындағы «Жасыл комиссияның» басшысы Омар Нұрхайдаров ағаш кесу жұмыстары Алматы қаласының экономикалық жағдайын жақсартып, әлеуетін арттыруға үлесі барын алға тартады:
– Адамдар біздің апатты ағаштар тізімін жасауда нені негізге алатынымызды, жасыл жапырақты ағаштың қалай апатты болып саналатыны жайлы сұрақтарды жиі қояды. Түбі шіріген ағаш үйге, балалар алаңына, машинаға құлауы әбден мүмкін ғой. Сондықтан біз ағашты түбімен алып тастау қажет екенін түсіндіреміз, – дейді ол.
Сондай-ақ Омар Нұрхайдаров Алмалы ауданында қанша ағаш кесу жоспарланып отырғанын атап өтті:
– Алмалы ауданында барлығы 2200 ағаш кесу көзделген. Біз жасыл желектерді өзіміз зерттейміз әрі арнайы барып көреміз. Қажет болған жағдайда ҚазҒЗИ қызметкерлерін тартамыз, – дейді «Жасыл комиссияның» басшысы.
Ал ішкі өзегі зақымданған ағашты қалай анықтайды? Осы мәселе турасында Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті биологиялық қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиев айтып берді. Оның сөзінше, апатты ағаштарды анықтауға арналған арнайы құрылғы бар. Құрылғы арқылы ағаштың діңін бұрғылап, шіріктің бар-жоғын біле аласыз.
– Қаламызда ағаштың көбі кәрі. Жасыл кеңістіктің жасы табиғатқа қарағанда төмен. Себебі қалада ағаштар ауыр металдарды сіңіреді, әртүрлі механикалық зақымға ұшырайды. Сондықтан жасыл қорды үнемі жаңартып отыру керек. Құрылғымен бұрғылаудан кейін біз ағаштан бактериологиялық егіс алып, зерттеуден кейін қорытынды шығарамыз. Жыл сайын шамамен 200-300 жасыл желекті тексереміз. 84 мың апатты ағаш бар болса, бірнеше жылдан кейін апатты ағаштар қатарына қосылатын ауру ағаштар тағы бар, – дейді ғылыми-зерттеу институты өкілі.
Еске салайық, жақында алматылықтар қарағаш қандаласының көбейгенін айтып дабыл қаққан еді. Ескі ағаштар тұрғындардың тынышын алған қандаланың ошағына айналған. Мамандар өткен ғасырда отырғызылған ағаштардың көптігі, дұрыс күтім жасалмауы зиянкестердің шоғырлануына негізгі себеп екенін ескертті.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы