Әсіресе, қант қызылшасын ең көп көлемде егетін Меркі ауданында мың гектар алқап қурап кеткен. Сондықтан диқандар билік өкілдерінен төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.
Жалпы, меркілік шаруалар тығырықтан шығу жолын іздеп қылша түбірін үш рет егіп те көрген. Алайда бәрі де сәтсіз аяқталып, су болмағаннан кейін өнім сәбізше солып қалған. Оған қоса, көктемгі үсік, жазғы шегіртке мен субсидияның кешігуі жығылғанға жұдырық болып, диқандарға төтенше жағдай жариялауды сұраудан басқа амал қалдырмай отыр.
– Еккен қызылшамыз түгелдей солып қалды. Жапырақтары қурап жатыр. Оған себеп – ағын су жоқ. Барының өзі бізге жетпейді. Мұндай жағдайда төтенше жағдай жариялау керек. Сонда ғана қызылша егуге алған несиемізді қайтаруда және бастаған ісімізді аяғына жеткізуге жеңілдіктер қаралмақ. Сондықтан төтенше жағдай жариялауды талап етеміз, – дейді меркілік шаруа Арнұр Сәбит.
Ауылдасының сөзін диқан Сансызбай Иманбетов те қолдап отыр. Ол қызылша егеміз деп қып-қызыл шығынға батып жатқанын айтады.
– Бізге қызылша егіңдер дегеннен кейін ектік. Оған қанша қаржы мен күш-жігер кетті. Енді, міне, құрғақшылық қос бүйірден қысып, шығынға батып жатырмыз. Осы жағдайға қатысты Үкімет көмек бере ме? Субсидиямызды төлей ме? Егер төлемейміз десе, шығынға батқан тиісті қаржымызды өтеп беруін сұраймыз, – дейді С.Иманбетов.
Бұл құрғақшылықты жауапты мамандар қырғыз тауларындағы мұздықтардың ерімей қалуымен байланыстыруда. Алайда сусыз отырған жалғыз Меркі ауданы емес. Мұндай жағдайды Қордай, Талас, Байзақ пен Жамбыл аудандары да бастан кешіп жатқан көрінеді. Сол себепті өңірге жуырда құрғақшылыққа қатысты салалық министрліктің арнайы комиссиясы келген. Міне, осы министрлік мамандары тексеру жүргізуде. Егер олар шығын көлемі ауқымды деп тапса, онда төтенше жағдай жариялануы мүмкін.
– Қазір Жамбыл облысындағы алты аудан зардап шегіп отыр. Ең көп шығын Қордай ауданында болса, біз үшінші орында тұрмыз. Аудан бойынша 941 гектар жер зардап шеккен. Келісім бойынша қырғыздар секундына 1,5 текше метр су беру керек болатын. Алайда олар осы келісімді орындамай жатыр. Биыл құрғақшылық жылы болып отырғанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Енді төтенше жағдай жариялау мәселесі – Үкімет тарапынан қабылданатын шешім. Комиссия тексерісінің қорытындысын күтейік, – дейді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.
Негізі, Меркіде тәтті түбір еккен 25 ірі шаруашылық зардап шеккен. Олар биыл табысқа кенелеміз деп тақырға отырған. Былтыр шаруалар 1 354 гектардан 142 мың тонна өнім алса, биыл егістік көлемін 3 мың гектарға ұлғайтқан. Алайда ағын судың жоғынан былтырғы меженің өзін орындау мұң болып тұр.
Жалпы, осы тәтті түбір төңірегінде жылда айқай-шу шығып жатады. Алдыңғы жылы шаруалар Меркі қант зауытынан қаржысын ала алмай, облыс әкімдігі араласып жатып түйткілдің түйіні тарқатылған еді. Оның өзінде де диқандарға тиесілі ақшаны зауыт басшылығы бірнеше бөлікке бөліп беріп, әбден әбігерге салған. Енді, міне, биыл ағын су мәселесі шаруаларды тағы шырылдатуда. Ендігі бар үміт министрліктен келген комиссия шешімінде болып отыр.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
© коллаж: Елдар ҚАБА