Жаңа жылыту маусымының басталуына небәрі 2 ай қалды. Өткен маусымдағы көптеген олқылық пен апатты ескерсек, қыстың қамын жазда ойлап, ертерек қамдану керек. Оның үстіне, бұл салада жылу желілерінің тозуы, мамандардың тапшылығы сияқты бірқатар қордаланған проблема бар. Осы және басқа да түйткілді мәселелер «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитетінің отырысында көтерілді.
Жылу энергиясын өндіретін нысандардың басым көпшілігінде белгіленген ережелер мен талаптар сақталмайды. Бұл туралы rомитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев мәлімдеді.
«Нысандарға жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бірақ өкінішке қарай, барлық жерде жұмыстың қарқынs мен көлемі ойдағыдай емес. Біз мәселені бақылауда ұстаймыз. Алайда біздің комиссиялар мемлекеттік органдардың есептері көбінесе нақты жағдаймен сәйкес келмейтінін анықтап отыр», – деді ол.
ПБК төрағасы rомитеттің жұмыс тобы жылу энергетикасы саласында қазір болған жағдайды талдау үшін ауқымды жұмыс атқарғанын және қордаланған проблемаларды шешу жолдарын ұсынғанын атап өтті.
Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Мирас Шекеновтің айтуынша, бүгінде елімізде жылу энергиясын өндіру секторында 37 ЖЭО жұмыс істейді, оның 15-і мемлекеттік меншікте және әртүрлі қуаттылықтағы 2 500-ге жуық қазандық бар. Олардың 80% көмірді пайдаланады.
2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, ЖЭО құрал-жабдықтарының 66%-ның тозығы жеткен. Әсіресе, жылу желілерінің ең жоғары тозу көрсеткіші (60%-дан астам) Павлодар (82%), Қарағанды (68%), Абай (68%) және Шығыс Қазақстан (66%) сияқты қысы ұзақ өңірлерде болып отыр.
«Энергетика министрлігінде және жергілікті атқарушы органдарда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық ахуалы мен өнімділігі туралы толық және сенімді ақпарат болмай отыр. Бұл саланы сапалы жоспарлау мен дамыту үшін қазіргі жағдайын бағалауға мүмкіндік бермейді. Білікті мамандардың тапшылығы және саладан тәжірибелі мамандардың кетуі де күрделі проблема. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, сектор мамандарының орташа айлық жалақысы еліміздегі орташа еңбекақыдан 15%-ға төмен. Бірінші басшылардың тиісті білімінің болуына жасалған талдау жұмысы аудит жүргізілген нысандардағы алты басшының тек екеуінің ғана арнайы білімі бар екенін көрсетті», – деді М.Шекенов.
Толыққанды заңнамалық базаның болмауы және саланы реттеуде айтарлықтай құқықтық олқылықтардың болуы да өз алдына бір мәселе. Жылу энергетикасын реттеудің толыққанды құқықтық негізін белгілейтін жеке салалық заң жоқ. Тиісті заң жобасын әзірлеуді Энергетика министрлігі биыл ғана аяқтады.
Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы бір мемлекеттік органда жылу энергетикасы жүйесін реттеу саласындағы функцияларды орталықтандыру жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет деген қорытындыға келді. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындықты уақытылы атқармағаны және жылыту маусымында жіберілген олқылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленуі керек.
Энергетика министрлігіне де тиісті ұсыныстар берілді. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, ведомство жылумен жабдықтау саласынан білікті мамандардың кетуі мен тапшылығына жол бермеу үшін шаралар кешенін әзірлеуі қажет. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы жылу желілерінің тозуын азайту үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуі тиіс.