Су құбырындағы қазіргі жағдайды Партия орталық аппаратының партиялық бақылау инспекторы баяндады.
«AMANAT»: Президенттің халықты 100% сумен қамту тапсырмасы Ақмолада орындалмауы мүмкін
900
оқылды

Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселелері «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.

Қорғалжын ауданының аумағы арқылы өтетін су құбырының жиі бұзылуына байланысты 3 сәуірден бастап Қоржынкөл және Бауман ауылдарына ауызсу толық бармай қалады. Ал биыл 2 маусымда Егіндікөл ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

«Бүгінде Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстан халқын таза ауызсумен 100% қамтамасыз ету туралы тапсырмасының орындалмай қалу қаупі бар. Осы ретте, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірде-бір басшылығы біздің отырысқа қатыспады. Біз бұл ақпаратты Үкімет басшылығының назарына жеткізетін боламыз», – деп атап өтті ҚКП төрағасы.

Бұл мәселені тұрғындар, жергілікті атқарушы органдар, партия филиалы бірнеше рет көтерді. Нұра топтық су құбыры 14 564 тұрғыны бар 24 елді мекенді сумен қамтамасыз етеді. Су құбырындағы қазіргі жағдайды Партия орталық аппаратының партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақова баяндады.

«Су құбырының 90%-ы тозығы жеткен. Тіпті, басқа да жерлерде су жиі тоқтап қалады. Жыл басынан бері су құбырында 79 апат тіркеліп, ал жекелеген учаскелерде су шығыны 70-80%-ға жетті. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін магистральды желілердің зақымдалған учаскелерін толық ауыстырып, магистральды су құбырын жаңалау қажет.  Су құбырын толық қайта жөндеуден өткізу үшін шамамен 16 млрд теңге көлемінде қаражат керек», – деді Айжан Ысқақова.

Оның айтуынша, ондай жағдайлар жиі болады. Апат орнында тек су мұнарасының операторы мен жергілікті слесарь ғана жұмыс істеп жатыр.

«Іс жүзінде қосымша күштер мен техника жұмылдырмайды. Сонымен қатар бұл қызметкерлерге үстемеақы да төленбейді. «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК төтенше жағдай режиміне де, халықтың арыз-шағымына да, БАҚ ақпараттарына да мән бермейді», – деді инспектор.

Жұмыс тобының мүшелері су құбырының бірнеше апаттық учаскелеріне барды. Олардың айтуынша, шіріген құбырлардың салдарынан су халыққа жетпей, далаға ағып жатыр. Ақмола облысындағы көптеген елді мекен халқы аулаларына құдық қазып амалдауда. Тұрғындар екінші жыл қатарынан құдықты пайдаланып жатқандықтан, айналадағы көлдер тартылуда. 

«2021 жылдан бастап Егіндікөл аудандық партияластар Мәжіліске, Сенатқа, Су ресурстары комитетіне, «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК-ға және Экология және табиғи ресурстар министріне ресми түрде кемі 15 рет жүгінген. Бірақ мәселе күннен-күнге шиеленісіп барады. Ал қарапайым халық мәселенің оң шешімін тапқанын сарыла күтуде», – деп атап өтті комитет мүшелері.

Егіндікөл ауданы әкімдігі халыққа, оның ішінде әлеуметтік нысандарға, су бағаналары жоқ екіқабатты құрылыстарға су жеткізіп беріп жатыр.

Жиын қорытындысы бойынша, ПБК төрағасы Павел Казанцев Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін еліміздің барлық тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тікелей тапсырмасының орындалмау қаупі барын көрсете отырып, осы мәселе бойынша материалдарды Президент Әкімшілігіне жіберуді ұсынды. «Бұдан бөлек, партияның Ақмола облыстық филиалына осы мәселені ерекше партиялық бақылауға алуды және Егіндікөл ауданының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша барлық шараны қабылдауды тапсырамын», – деп қорытындылады Павел Казанцев.

Сонымен қатар ҚКП төрағасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетовке ескерту, «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК бас директорының м.а. Ерлан Текешевке алдын ала ескерту ретінде тәртіптік жаза беруді ұсынып отыр.