Петропавл қаласынан Қорған шекарасына дейінгі Челябі–Новосібір республикалық маңызы бар жол учаскесінің жөндеу жұмысы 2017 жылы басталған еді. Жұмысына салғырт қараған мердігерлер мен ұзаққа созылған сот процесі салдарынан тоқтап қалған құрылыс биыл қайта жалғасын тапты.
Жол құрылысы жалғасын тапты
631
оқылды

Қазір бұл нысанда мердігерлік қызметті «ҚазСтройТехник» ЖШС жүзеге асыруда. Мамлюткадан «Жаңа жол» бекетіне дейін қайта жаңартылатын учаскенің жалпы ұзындығы – 56 шақырым. Жолды жөндеу жұмысына республикалық бюджеттен шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Оның 3,5 млрд теңгесі биылға жоспарланған. Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды жөндеу, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту бойынша мониторингті «AMANAT» партиясының мүшелері жүргізеді. 1 наурызда партия Төрағасы Ерлан Қошанов республи­калық сайлауалды штабтың облысқа сапары барысында осындай тапсырма берген болатын. Мәселен, бүгінде өңірде партиялық бақылау комиссиялары жанынан 15 мониторингтік топ жұмыс істейді.

«Жөндеу жұмысы екі жылға жоспарланған. Ұйымдастыру­шы – «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ. Бүгінде 14 шақырым жолға жабынның төменгі қабатын төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тағы 16 шақырым жолға төселу керек. Қазіргі уақытта негізгі жолдың төсемі және айналма жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның жұмысы жоспар бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс. Біз жұмыстың уақтылы жүргізілуін қада­ғалайтын боламыз», – деді «AMANAT» партиясы Мамлют аудандық филиалының төрағасы Алтын Сағитова.

Партиялықтар «Челябі–Новосібір» тас жолынан басқа А-13 Көкшетау–Омбы жолын жөндеу жұмысы барысын, Ақмола облысының шекарасынан Саумалкөл ауылына дейінгі Көкшетау – Рузаевка Р-11 жолының орташа жөндеу жұмысын, сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауданында Челябі–Новосібір М-51 тас жолының учаскесін бақылайды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы желісі 1 970 шақырымды құрайды.

Ж.МҮСІЛІМ