Қарағандылық азамат интернет алаяққа алданып, 11 миллион теңгесінен қағылған. Жергілікті полицияға арызданған ер адам «банк қызметкерінің» құрығына түскен.
Алаяққа алданып, 11 миллионнан қағылған
996
оқылды

«Шахтада жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта мен еңбек демалысында жүрмін. Үйде отырғанымда белгісіз біреу қоңырау шалды. Тұтқаны көтерсем, ер адам сөйлей бастады. Өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырды және менің жеке ка­бинетім бұзылғанын, алаяқты анықтау үшін кө­ме­гім қажет екенін айтты. Ол үшін ұялы телефонға екі бағдарламаны жүктеу керек деді. Әлгінің кеңесі­мен осы бағдарламаларды орнаттым. Содан кейін банк­тің қауіпсіздік қызметкері менің барлық деректерімді нақтылау қажет екенін айтты: жеке куәлігімді, банк картасын суретке түсіріп, оған жібердім. Сосын ол маған алаяқты ұстап алу үшін несие алуым керектігін жеткізіп, маған банк мене­джері қоңырау шалатынын ескертті. Шынында да, екі-үш минуттан кейін әйел қоңырау шалып, менің деректерімді нақтылай бастады, содан кейін ол маған несие мақұлданбағанын айтты. Банктің қауіпсіздік қызметкері тағы қоңырау шалып, маған банк картасын ауыстыру керек деді. Ол үшін ертең сағат 11.00-ге дейін айтылған банкке келіп, жаңа карта жасауым керектігін ескертті. Осымен әңгіме аяқталды. Біраз уақыттан кейін ұялы телефонымнан банк қосымшасын аштым. Қарасам еңбек демалысыма байланысты алған 600 мың теңгемнің жоғалып кеткенін байқадым. Сондай-ақ, менің атымнан 5 жыл мерзімге 6 миллион теңге несие рәсімдеген. Өзім депозит ашқан басқа банктен тағы да 5 миллион теңге несие алған. Сонда ғана алдан­ғанымды түсініп, полицияға арыз жаздым», – дейді жәбірленуші.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы – «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.