Көлік полицейлері Тараздың төрт тұрғынынан 29 келі кептірілмеген мари­хуана тәркіледі.
Ірі көлемдегі есірткі тәркіленді
615
оқылды

Көліктегі полиция департаментінің қызмет­кер­лері «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында қызметтік-іздестіру итімен Түрксіб стансасының өткелінде «Мазда» автокөлігін тоқтатты. Көлікте 39 жастағы көлік жүргізушісі және Тараз қаласының 3 тұрғыны болды. Тексеру кезінде автокөліктің жүксалғышы­нан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат табылып, тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркілен­ген зат жалпы салмағы 29 келі 140 грамм, яғни аса ірі көлемдегі кептірілмеген марихуана болып шықты.

ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

Қазіргі уақытта сот ұсталғандарға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.