Алматыда «Медеу» мұзайды­нында 19 жылдық үзілістен кейін «Азия дауысы» халықаралық заман­ауи музыка фестивалі өтті.
«Азия дауысы» қайта оралды
964
оқылды

Биыл фестиваль үш күнге созылды. Мерекелік көңіл күй мен танымал әртістердің өнерін тамашалау үшін аңызға айналған аренаға жиналған адамның қарасы қалың.

Көрермен лық толы аренада фестиваль қызыл кілемнен басталды, онда раритет көліктерден түскен атақты жұлдыздар мен «Азия дауысы – 2023» қатысушылары жүріп өтті. Ашылу салтанатына келген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов фестивальдің жыл сайын өтетінін және келесі жылдан бастап халықаралық ән байқауы қосылатынын айтты. 

– Маған түркі елдерінің мәдениет министрлері қазірден хабарласып, келесі жылы «Азия дауысы» халықаралық орын­дау­шылар байқауына ең үздік әртістерін жіберуге қызығушылық танытып отыр. Сөзсіз, «Азия Дауысы» – еліміздің айрық­ша тренді, біз оған қолдау көрсетіп, алға ілгерілетеміз. Өйткені бұл тек музыкалық қана емес, туристік тренд, ол Алматының және тұтас өңірдің туристік дамуы үшін үлкен әлеуетке ие, – деп түсіндірді ми­нистр.

Ведомство басшысы «Азия дауысы» жо­басы қазақстандық эстраданың көп­теген жаңа жұлдыздарын танытатынына сенімді.

– Өздеріңіз білетіндей, 1997 жылы «Азия дауысы» үздік фестиваль атағына ие болды. Бұл да үлкен жетістік. Қазір бұл фестиваль қайта жандануда, ол үшін демеушілерге алғыс айтқым келеді. Өйткені фестивальді өткізуге мемлекет қаржы бөлген жоқ. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, Медеуге мыңдаған адам жи­налды. Түрлі елдерден туристер де келуде. Келесі жылы мұнда шетелдік әртістер қатысатын болса, олардың жанкүйерлері де келер еді. Бұл да туризмді дамытуға бағытталған, – дейді Асхат Оралов.

Фестивальде бірінші болып «Жас қанат 2023» жас орындаушылар байқауы­ның жүлдегерлері өнер көрсетті. Аренада әр буынның көрермендері жиналды, жүргізушілермен бірге олар да ностальгия жасады, Байғали Серкебаевтың «Джулия» мюзиклінен үзінді ұсыну кезінде «А-студио» тобының әндерін шырқады, әлемдік хиттерді еске алды. Сондай-ақ «Азия дауысы» фестивалінің қандай болғанын білмейтін жас көрермендер үшін арнайы блок жасалды, онда фестивальді құрған тұлғалар және сол жылдары Алматының қандай болғаны көрсетілді.

Сонымен бірге көрермендерге әйгілі режиссер, сценарист және продюсер Фархат Шәріпов түсірген «Солдат любви» мюзиклінің түсіріліміне қатысу мүмкіндігі туды – олар финалдағы басты кейіпкер жұлдызға айналып, үлкен аренаға шыққанда массовка ретінде ойнады. Көрермендер телефон жарығын жағып, фильмге қажеттінің бәрін орындады, сондықтан «Азия дауысы» фестивалінің алғашқы күні тарихқа ғана емес, киноға да енді.

Алматылықтар мен қала қонақтары қазақстандық танымал поп және рэп әртістерінің өнерін тамашалады. Көрер­мен­дер үшін Ғалымжан Молданазар, RaiM, Ерке Есмахан, V$XV PRiNCE, Мирас Жүгінісов, Markhaba Sabi, ORYNKHAN, «Ирина Кайратовна» тобы және ZAQ өз хиттерін орындады. Фести­валь­дің алғашқы күні дрон шоуымен аяқталды.

Шоудан бөлек, фестиваль демеушілері мен серіктестері қатысушыларға көптеген жүлделі іс-шаралар дайындап, бірнеше фотоаймақтар жасады. Сондай-ақ «Азия Дауысы» сахнасында әлемдік BLACK EYED PEAS өнер көрсетті. Фестивальдің соңғы күндері көрермендер аңызға айнал­ған ретро жұлдыздардың өнерін тамаша­лады. Secret Service және ЯЛЛА топтары, қазақстандық эстрада жұлдыз­дары 40 минут өнер көрсетті және салта­натты отшашу болады. Алматы қаласының әкімдігі көрермендердің «Медеуге» еш қиындықсыз жетіп, қалаға оралуын қамтамасыз етті, сондықтан фестиваль күндері қосымша тегін автобус бағыты іске қосылды. 

Көктем ҚАРҚЫН