Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков баспасөз брифингінде мәлім етті.
– Үкімет тарапынан қаржылай көмекті мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер және төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін жандар алады, – деді Е.Сламбеков.
Білім беру басқармасының басшы орынбасары Орынтай Биманова қаражат мақсатты жұмсауға шақырды.
– Қазір көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажет заттарды алып беру үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініш жіберіп жатырмыз. Сондай-ақ ата-аналардан балалардың мектеп формасы мен кеңсе құралдарына арнайы бөлінген қаражатты мақсатты жұмсауды сұраймын, – деді О.Биманова.
Айта кетейік, енді мектеп формасы мен кеңсе тауарларын ата-аналар өздері таңдап алады. Себебі мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат ата-аналардың есепшоттарына аударылады.
Баян Жанұзақова