Депутаттар Нұртөре Жүсіп, Ғалиасқар Сарыбаев және Амангелді Толамисов Жетісу облысына сапары барысында «Айналайын» балалар үйінде, «Қамқор» медициналық-әлеуметтік мекемесінде болып қайтты. Олар сондай-ақ аутизм және басқа да психикалық сырқаты бар балаларға арналған орталықтың күндізгі бөлімінің қызметімен де танысты. Кездесу барысында сенаторларға әлеуметтік қорғау, мүгедектерге әлеуметтік арнайы қызмет көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер аясындағы проблемалар туралы ақпарат айтылды.
Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов Атырау облысында болған кезде аудандық мәслихат депутаттарымен, кәсіпкерлермен және Көктоғай, Есбол, Жарсуат, Ақ Жайық, Еңбекшіл және Махамбет елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар мәслихат депутаттарының өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін, жол және ауызсумен қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын және жергілікті тұрғындар айтқан өзекті мәселелерді талқылады.
Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Аблакет ауылдық округінің Бестерек ауылында болды. Парламентшілер «Ақбауыр мұражай-археологиялық кешенін» аралады және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар саланың проблемалық мәселелерін, соның ішінде бие сүтін өндіру және қайта өңдеу құнына субсидия беру, ауыл шаруашылығы техникасына несие беруді субсидиялау пайызын қайта қарау мәселелерін талқылады.
Сенат депутаты Андрей Лукин елордалық мәслихат депутаттарымен және Астана тұрғындарымен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы сенаторға айтып берді. Сенатор Андрей Лукин өз кезегінде Сенатта жүргізіліп жатқан заңнамалық жұмыстың барысы туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті.
Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданында болған кезде Ақтоған шаруа қожалығының қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуды және оның келешегін, сондай-ақ сала бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады. Сенатор сондай-ақ Жақсылық ауылындағы «Нұр-Ай» бөбекжай бақшасының қызметімен және Құлан ауылындағы жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Депутат Меркі ауданында болған кезде «Балауса» бөбекжай бақшасының, «Трансфер» шаруа қожалығының жұмысымен және Қайыңдысай ауылындағы оқу орнының құрылысымен танысты. Сәкен Арубаев сонымен қатар Меркі аудандық мәслихатының депутаттарымен де кездесті. Жүздесу барысында ауданның өзекті мәселелері, атап айтқанда мал және өсімдік шаруашылығын өркендету жайы талқыланды.