Статистикаға сүйенсек, қауіпсіздік белдіктері маңдайдан соқтығысқанда өлім мен ауыр жарақат алу қаупін 2-2,5 есеге, бүйірден соқтығысқанда 1,8 есеге, аударылып кету кезінде 5 есеге азайтады екен. Осы ретте QazaqGaz ұлттық компаниясы қызметкерлеріне көлік оқиғаларынан сақтануға арналған «Stop ДТП» акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты. Шарада жол апаты кезінде соққының қандай болатынын қызметкерлер арнайы құрылғы арқылы сезініп көрді. Қауіпсіздік белдігін тағу арқылы қандай қатерден қорғануға болатыны да айқын көрсетілді.
«Бұл іс-шараның басты мақсаты – адам өз өмірінде жұмыста, сондай-ақ жұмыстан бөлек уақытта автокөлікпен қозғалу арқылы қауіпсіздік белдігін тағып және өз өмірін сақтап қалу қаншалықты маңызды екенін көрсету. Портфельдік компаниялардың 700-ден астам қызметкері имитатор тренажерды сынап көрді. Өз кезегінде бұл құрылғы сағатына 12 шақырымдық жылдамдықты алады, мұның өзі көліктердің бетпе-бет соқтығысқан жағдайында адамның қандай күйде болатынын түсінуге жеткілікті. Сонымен қатар бұл жерде қарапайым қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығын түсіндіреміз. «Самұрық-Қазына» АҚ үшін өндірістік қауіпсіздік мәселесі бірінші орында, біз мұндай іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрамыз», – деді Ғибрат Ауғанов.
Ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «STOP ДТП» акциясы осы жылдың сәуір айында Қостанай қаласында басталғанын, бүгінге дейін Ақтөбе, Орал және Атырау қалаларында да ұйымдастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар жыл соңына дейін еліміздің орталық және оңтүстік өңірлеріндегі бөлімшелердің қызметкерлері де тренажер имитатордың мүмкіндігін сынап көретінін айтты.
«Көпшілік қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Оның қаншалықты маңызды екеніне мән бермейді. Сондықтан мамандар бүгін сақтық шараларын тәжірибе арқылы көрсетті. Біздің қызметкерлер өздерінің қызметтік міндетін орындау барысында қалалар мен елді мекендер арасында көлікті жиі қолданады. QazaqGaz жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында, түрлі профилактикалық іс-шара ұйымдастырып тұрады», – деді ол.
Аталған іс-шара QazaqGaz компаниялар тобының осы жылға арналған өндірістік қауіпсіздігі жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, қауіпсіздік белбеуі қалада төмен жылдамдықпен келе жатқан адамдардың апат кезінде өмірін 100 пайызға сақтайды екен. Ғалымдар көлік сағатына 30, 40, 50 және одан да көп шақырым жылдамдықпен келе жатқандағы апаттар кезінде белдіктер, егер олар дұрыс бекітілген болса, көлік жүргізушісі мен жолаушының өмірін сақтауға кепілдік беретінін айтады.
Статистика комитетінің мәліметінше, тек өткен жылы елімізде 13,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген, 20 мыңға жуық адам зардап шеккен.
Наурызбек САРША