Өткен 7 айда облыс аумағында мәдени бағыттағы 1 202 іс-шара ұйымдастырылды.
Miras кеңесі: Білдей бір облыста бір-ақ театр бар
899
оқылды

«AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес төрағасының орынбасары Досхан Сәкен төрағалық етті.

Жиын барысында 2023 жылы облыс аумағында атқарылатын мәдени-бұқаралық іс-шаралар және партияның облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасы аясында жүргізілетін жұмыстар талқыланды. 

«Өткен 7 айда облыс аумағында мәдени бағыттағы 1 202 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде, өңірдегі аудан-қалаларда мемлекеттік, ұлттық және кәсіби мерекелер, ел көлемінде аталып өтетін мерейтойлық даталар, ғылыми конференциялар, фестивальдер, еске алу кештері, балалар мен жастарға арналған концерттер, дөңгелек үстелдер өтті. Жыл соңына дейін «Көк майса» ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлер фестивалі, Қаражал қаласының 60 жылдығына және Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай республикалық айтыстар, «Қазақ мысына – 95 жыл» іс-шарасы, Кетбұқа атындағы халықаралық күйшілер конкурсы ұйымдастырылады», – деді облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар. 

Алдағы жылы Ұлытау ауданының Әулиетау шыңына апаратын трапты және Күміс бұлақ, Тасбұлақ бұлақтарының аумағын абаттандыру жұмысы басталады. Бұл жұмыс «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлытау облысының Жол картасындағы «Туризмді дамыту» бағытындағы іс-шаралар аясында қолға алынады. 

Бүгінде Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мәдениет үйін қайта жаңғырту мақсатында ғимараттың техникалық зерттеу жұмысы аяқталып, жобалау жұмыстарына сметасы дайындалды. Қайта жаңғыртуды 2024-2025 жылдары жүргізу жоспарланып отыр. Ал Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ғимаратына жөндеу жұмысын жүргізу 2024 жылға жоспарланған. 

«Өңірде жеке ғимараты бар кітапханалар саны өте аз. Көбісі көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Оларды су басып, кітаптар бүлінген кездер де болды. Кітап сақтаудың арнайы нұсқаулығы бар. Біздегі кітапханалар оған сай келмейді. Осы олқылықтың орнын толтырып, жеке кітапхана бой көтерсе екен», – деп кеңес мүшесі Зейпін Қазанбаева өз ұсынын білдірді. 

Сонымен қатар кеңес отырысында театр жағдайы да сөз болды. Кеңес мүшелері Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы театр өңірге аздық ететінін, одан бөлек, әр саланы қамтитын театр қажет екенін алға тартты.