Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйдің іргесі қаланып жатыр.
«AMANAT» партиясы халықты баспанамен қамтуға баса мән береді
851
оқылды

Жыл соңына дейін осында 4 үй тұрғындар игілігіне беріледі. Оның барлығы ауданда үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі. Бүгінде ауданда 12 мыңнан аса азамат баспана кезегінде тұр.

– «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған өңірлік Жол картасында тұрғындарды тұрғын үймен қамту басты мақсаттардың бірі. Осы орайда, ауданымызда көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Нысан партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқаннан кейін құрылыс барысы әрдайым назарымызда. Сондықтан мұнда партиялық бақылау бекеті де ашылғанын айта кеткен жөн. Тұрғын үй ел игілігіне берілгенше бақылау жүргізе береміз, – дейді Байзақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Асылбек Жантаев.

Жалпы, партияның 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында өңір азаматтарын баспанамен қамтуға және халыққа жер телімдерін беруге баса мән берілді. Осы орайда, партиялықтар 2027 жылға дейін 9 мың пәтерлі 153 тұрғын үй салуға ықпал етіп, жеке тұрғын үй тұрғызу үшін жер телімдерін беру бағытында жұмыс істейді.