Ешбір цирк колледжі дрессураны арнайы мамандық ретінде оқытпайды. Себебі әрбір әртіс өз жануарын тауып, тіл табыса білуі үшін жылдар қажет. Ендеше дрессура – оқуды қажет етпейтін, үлкен жүрек пен аса мейірімділікті талап ететін өнер. Елімізде жыртқыш аңды қолға үйреткен алғашқы және әзірге жалғыз әйел – Жанат Қалметова. Шымкент цирк мекемесінде 10 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жанатты көрермендері «Арыстандар патшайымы» атап кеткен.
Қырықтан асқанда арманымен қауышты
Жанат Қалметова 10 жасынан бастап цирк сахнасына шыққан. Цирк өнерін үйрететін балалар үйірмесінде жүріп акробатика, эквилибр, қақпақылдау өнерін меңгереді. 15 жасында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық цирк фестиваліне қатысып, сол кезде Ю.Никулин басқарған цирк ұжымында жұмыс істеп, кіші кубок иелену бақыты бұйырады. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін арманынан қол үзіп қалады.
– Цирк әртісі болу менің өмір бойғы арманым болды. Өйткені мен бала кезімде цирк ұжымында жұмыс істедім. 10 жасымнан 17 жасыма дейін сахналық циркте өнер көрсеттім. Сол кезде ары қарай цирк әртісі мамандығына оқуға түсу ойымда болды. Бірақ ата-анам таңдауыма келіспеді. Оларға еш өкпелеген жоқпын. Себебі әр ата-ана баласына тек жақсылық тілейді. Сол заманда әке-шешеміз: «Болашағы бар мамандыққа оқуға түс. Қыз баласына әртіс болған қиын. Мұғалім – өлмейтін мамандық» деп шектеу қоятын. Сондықтан мен өзім қаламасам да, анамның жолын жалғастырып мұғалім мамандығын алдым. Әрине, бұл менің қалауым емес еді. Дегенмен оқуға түскен соң диплом алу керек болды. Сол кездегі Целиноград қаласындағы С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институтқа орыс тілі және орыс әдебиеті мамандығына оқуға түстім. Бірақ солтүстіктің табиғаты менің денсаулығыма жақпады. Бірінші курсты бітіргеннен кейін Ташкент қаласына ауысып, мектепке дейінгі даярлық пәнінің мұғалімі мамандығын алдым. Өйткені маған кішкентай балалармен жұмыс істеген ұнайтын. 40 жасыма дейін мұғалім де болдым, балабақшада тәрбиеші де болдым, колледжде сабақ та бердім. Қандай жұмыс істесем де барлығын жауапкершілікпен атқардым. Бірақ жүрегімнің түбінде өмір бойы сақтаған арманым «цирк әртісі болу» еді. Сол арманыма 40 жастан асқанда ғана жеттім, – дейді Жанат Қалметова.
Осылайша, циркке деген махаббат Жанатты әртіс болуға жетелейді. Алайда ол оқу бітіргеннен кейін тұрмысқа шығып, отбасы, ошақ қасы деп күйбең тірлікпен уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады. Теледидардан цирк әртістерінің өнерін көргенде, қалаға гастрольмен Ресейден Шапито жылжымалы циркі келгенде ішіндегі арманы маза бермейтін.
– Циркке деген махаббатымның өшпеуіне әрқашан осы салаға қызығушылық танытып жүргенім себеп болған да шығар. Дегенмен бала кезде цирктен алған білімімді педагог болып жүргенде де пайдаландым. Мерекелік іс-шаралар өткізгенде алғашқы қатардан көрініп, өз үлесімді қосатынмын. Цирктің кейбір өнерін балаларға да үйрететінмін. Сол кезде «әттең, үлкен сахна бұйырмады ғой» деп жүретінмін. 2011 жылы Шымкенттегі цирк ғимараты пайдалануға берілді. Бірақ жүрегімнің түбінде «манежге неге осы уақытқа дейін өнер көрсетпедім екен» деген өкініш болмады емес, болды. 2012 жылы «Цирк саласында тәжірибесі бар азаматтарды жұмысқа шақырамыз» деген жарнаманы оқып, циркке келдім, – дейді Жанат Қалметова.
Дегенмен оның ойында «қаншама жылдан кейін циркке не беремін?» деген қорқыныш пен сенімсіздік те болыпты. Бұрын циркке қатысқан азамат өзіне команда жасақтап, нөмір дайындап жатыр екен. Сол азаматты басшылыққа қатысы бар адам екен деп ойлап, Жанат артық сұрақ қоймай, командасында екі аптадай дайындық жасайды. Сөйтіп, манеждің иісін, құдіретін аз уақыт болса да сезініп үлгереді. Алайда команда жасақтаған азамат жұмысты аяғына дейін жеткізбей, команданы тастап кетіп қалады.
– Сол кезде жолдасым «2 ай сынақ мерзімімен ешқандай айлықсыз қалай жұмыс істейсің?» деп айтты. Осылайша, мен де отбасымның ығына жығылып, циркке барып тұрған жерімнен қайта қайттым. Мамандығым бойынша балабақшаға жұмысқа орналастым. Арада бір жыл өткеннен кейін «цирк әртістеріне ассистент керек» деген хабарландыру оқып, тәуекелге қайта бел будым. Циркте ассистент болсам да, манеждің құдіретін сезініп циркте жүрсем де жетеді деп шештім. Сөйтсем, цирк басшылығы менің қабілетімді 2012 жылы келген кезде байқап, кейін іздестіріпті. Бір жылдан кейін келгенімде директордың орынбасары «Сені көп іздедік. Бізге әртістерді дайындайтын маман керек. Жұмыстың шарттарымен келіссек, сені әртіс ретінде бірден қабылдаймыз» деді. Ол кезде цирк әртісінің айлығы 25 мың теңге еді. Сол күннен бастап жұмысқа кірісіп кеттім. Басшылық балабақшада да, циркте де жұмыс істеуіме мүмкіндік берді. Себебі балабақшада 65 мың теңге айлық алатынмын, – дейді цирк әртісі.
Жанат Қалметова бір айдан кейін педагогикалық жұмысынан өз еркімен кетеді. Себебі ол өзіне цирктің керек екенін түсінеді. Таңнан кешке дейін артылған жауапкершілікті ақтау үшін цирктен шықпай аянбай еңбек етеді.
Оңтүстіктегі цирк әртістерінің алғашқы қазақ династиясы
Жанат Қалметова отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бір қызығы, үш баласы да анасының жолын қуып, цирк сахнасында өнер көрсетеді.
– Бала кезімде орындалмаған арманыма балаларым жетіп жатыр. Балаларым бұл саланы өз еркімен таңдады. Әркім өзінің сүйген саласына баруы керек. Сонда ғана сапалы жұмыс істеп, нәтиже шығара алады. Қазір циркте ұстазбын. Шәкірттерім – өзімнің перзенттерім. Олармен балам ретінде емес, шәкірт ретінде мақтана аламын. Себебі мен жаттығуда олардың анасы емеспін. Қаталмын. Жоғары талап қоямын. Үлкен ұлым – Жандарбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің түлегі, қазір матч пен семафораның үстінде жұмыс істеу бойынша үздік. Бір циркте қызмет етіп жүрміз. Дипломды ала салып, Қытай мемлекетінде келісімшартпен жұмыс істеп келді, – дейді Жанат Қалметова.
Ал екінші ұлы Санжар жонглермен, моноциклмен айналысады. Жасы 20-да. Алғаш рет сурет салу, велосипедпен өнер көрсету бойынша танымал болды. Қазір Мәскеудегі Никулин атындағы цирктің әртісі. Алдағы уақытта келісімшартпен біраз гастрольдерге баруды жоспарлап отыр. Кіші қызы Перизат бес жасынан бастап цирк қабырғасында өсті. Қазір жасы 14-те. Шымкент циркінің ең жас суретшісі. «Шабыт-2017» шығармашыл жастар фестивалінде III орын, «Дара бала» медалінің иегері атанған.
– Мамандық таңдауда балаларыма шектеу қойған жоқпын. Алдына мақсат қоя білуді, кез келген ортада өздерін еркін ұстауды үйреттік. Цирктің өте қиын да қызық кәсіп екенін үшеуіне де ескерткенмін. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, үш перзентім де менен асты. Біздің отбасымыз – Шымкенттен шыққан тұңғыш қазақ династиясы, – деп қуанышымен бөлісті кейіпкеріміз.
Жануардың тілін табу фокустан да қызық
Жанат Қалметованың 24 жылдан кейін цирк сахнасында алғаш көрсеткен өнері фаер шоу, яғни отшашу нөмірі болды. Алайда циркте жануар болмады. Ал көрермен жануар көру үшін циркке келетін. Өйткені аң мен адамның үйлесіп жұмыс істеуі тек балаға емес, үлкендерге де қызық. Көрермен үшін жануардың тілін табу – фокустан де қызық жанр.
– Содан көрермендер «жануарларыңыз жоқ па?» деп сұрай бастады. Ал Ресейден келген жылжымалы цирктер жүздеген жануардың түр-түрін әкелетін. Біздің цирктің билеті 3 мың теңге болса, Ресейден келген цирктің бағасы 7-8 мың теңге болатын. Адамдар аншлагпен келіп көретін. Ал бізге жануарлармен нөмір шығару үшін аң үйретуші маман керек еді. Мен кішкентайымнан циркке барған кезде әртістердің жануарлармен жұмыс істегенін көріп өскенмін. Содан «адам жасаған істі адам жасай алады» деген ой келді, – дейді Жанат Қалметова.
Оның айтуынша, цирк колледжерінде аң үйрететін арнайы факультет жоқ. Дрессура жанры бар болғанымен, оны еш жерде оқытпайтын. Себебі әр адам өз жануарын тауып, оның мінезін тани алуы керек. Кітаптан жануардың психологиясын оқығанмен, әр жануардың әлемі бөлек. Сондықтан да дрессураның арнайы факультеті жоқ. Алғаш цирк ашылған кезде аң үйретушілерді Өзбекстаннан шақыртып жүрген. Бірақ олар елімізге көп тұрақтамайтын. Дрессурамен айналысатын адамның Шымкентте болмағаны Жанаттың намысына тиеді. Екіншіден, дрессураға деген қызығушылығы бала күнінен бар еді. Осылайша, ол алғаш иттерді үйрете бастайды. Оларды 2014 жылы сатып алады. Ақылды екі иті көрерменнің көзайымына айналады. Гарри мен Гель пудель тұқымдас иттер болған екен. Тіпті, екеуі фильмге де түсіп үлгеріпті. Одан кейін Жанат жабайы қабанды, кейін басқа да жыртқыш аңдарды үйретуді қолға алады.
Ұрмақ түгілі маңдайынан шертпеппін
2017 жылы цирктегі Өзбекстаннан келген аң үйретушіге арнап арыстандар алынады. Бірақ ол кісі отбасылық жағдайына байланысты кетіп қалады. Арыстанның күшіктерін цирктегі мал дәрігеріне тапсырады. Ветеринар университетті жаңа бітіріп келген жас маман еді. Бір күні оның екі абаданға ет беріп жатқанын Жанат Қалметова көріп қалады.
– Екі қолында да ет. Оң қолындағы етті бір абаданға беріп тұр, сол қолындағы етті көтеріп тұр. Оған екінші абадан өрмелеп шығып барады. Бұрылып келдім. «Бұлай тамақтандыруға болмайды. Екеуіне екі бөлек бер, таласпайды, Қолыңа өрмелетпе, бір күні қолсыз қаласың. Олар кішкентай болса да, тісі өткір» дедім. Сөйтсем, «бұл абадандарды үйрететін маман тағы еліне кетіп қалды. Сіз қараңызшы» дейді. Екеуі де анасынан енді айырылған екі айлық абадан. Қорғансыз қалып қойды. Кез келген жануарда бірінші кезекте қорғану инстингті жұмыс істейді. Бұл кезде ұруға, қатты сөйлеуге болмайды. Дауыс көтерсеңіз немесе ұрсаңыз, ол ішінде жинала береді де, бір күні кек қайтарады. Кіп-кішкентай болып, қорғанып, сескеніп, ысылдап тұрған кезінде олардан ересек арыстанның даусы шығады. Басшылыққа кіріп, осы екі абаданды өзім үйретейін деп қоярда-қоймай, жалынып жүріп алып алдым. Ол кезде менің күшіктермен жұмыс істеген үш жылдық тәжірибем бар еді. Екеуін манежде ары-бері жетектеп жүремін. Адамдар көріп, қызығып: «Ұстап көрсек бола ма?» дейді. Ұстауға, суретке түсуге рұқсат беремін. Өйткені олар жабайы болмай, шулы жерде үйренуі керек. Көрермендер шапалақ ұрып, шулаған кезде шошымауы керек. Ағаштан, темірден, бірі қисық, бірі үлкен, әйтеуір олардың секіруіне кедергі болатындай тумбалар қойып, секіруді үйрете бастадым. Олар секіргенде құлап қалмауы керек немесе арасы алшақ болып, ілініп қалса, қорғану инстинкті жұмыс істеп, екінші рет секіруге қорқады, секірмей қояды. Ойын баласы кезінде, жалқаулыққа салдырмай үйрету керек. Екеуі он күн ішінде манежге, адамдарға үйреніп, бір кедергіден екінші кедергіге секіре бастады, – дейді Жанат Қалметова.
Кейіпкеріміздің айтуынша, оның алдында цирктің 25 жылдығына зообақ егіз абадандар сыйлаған болатын. Бірақ егіздің сыңары өліп қалып, Шири деген сыңары қалып қойған екен. Жануар күтушілер оны Тано деп ойлап, солай үйретіп жіберіпті. Негізі, Тано еркек абаданның аты еді. Ал кейін келген екі кішкентай абаданның аты Қайтпас пен Қайсар деп зообақтан қойылып келген. Бірақ жануарлар атына қарап қалыптасады деп Қайсар мен Қайсарға «Симба мен Лео» деген жаңа есім береді. Қасына Шириді де қосып алады. Ол ұрғашы арыстан болғандықтан, өте жақсы жұмыс істейді. Кейін Ширидің баласын алу үшін, зоопаркке өткізген. Жалпы, 2017-2018 жыл Шымкент циркі үшін жемісті болады.
– Арыстандарды манежге шығардық. Іссапардан іссапар. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. «Великий русский цирктен» шақырту алып, Қытайдың Хоргосында, шекарада үш ай бала-шаға, арыстан-итімізбен бірге жұмыс істеп келдім. Арыстандармен көмекшісіз, жалғыз өзім жұмыс істедім. Бар мейірім-махаббатымды арнадым. Қол көтермек түгілі маңдайынан шерткен емеспін. Ең қатты сөйлегенім «Симба, мұның не енді, бәрін құрттың ғой» дейтінім шығар. Мүмкін, басқаларда да осылай аң тәрбиелеуге қызығушылығы оянып қалар деп қалай дайындап жатқанымды көруге бәріне рұқсат беретінмін, – дейді кейіпкеріміз.
Зообаққа барып тамақтандырып тұрдым
Алайда 2021 жылы «Шымкент циркі» Cirque du Soleil циркінің бағытында «Аңсыз цирк» жобасын бастайды. Сөйтіп, екі арыстан зообаққа өткізіледі.
– Алғашқыда күйзеліске түсіп, тамақ жегім келмей, ешкіммен сөйлеспей жүрдім. Алып кеткен күні барып, темір торға қамалған екеуін көріп жүрегім ауырып қайтты. Сөйтсем, екеуі де бір апта нәр татпай қойыпты. Қызметкерлер «Бір күн жемейді, жыртқыш қой, ертең жейді» деп ойлаған. Жеті күн тамақ түртпеген. Барсам ет арыстандардың алдында жатыр. Ары-бері теңселіп жүр. Басшылығына барып, «олар осы жағдайға үйренгенше өзім тамақтандырып тұрайын, олар менің тастап кетпегенімді сезінсін» деп рұқсат сұрап, біраз уақыт тамақтандырып тұрдым. Цирктегі тамақ ішетін ыдыстарына дейін зообаққа апарып қойдым. Біз, адамдар бар мен жоқ, өмір мен өлім, тағы басқа дүниелерді түсінеміз. Арыстандар ұқпайды ғой. Олардың көкейінде өле-өлгенше «неге біз темір торда, айдалада жалғыз қалып қойдық, неге ажырап қалдық» деген сұрақ тұрады. Өкпелейді. Менің жанымды ауыртатыны сол. Төрт жыл екі арыстанымның қасында болдым. Оларды тәрбиелеу үшін циркте қонып, жұмыс істедім. Мейіріммен өсірдім. Қазір зообаққа уақыт тауып барып тұрамын, – дейді Жанат Қалметова.
Қоғамда цирктегі жануарларға қатысты түрлі пікір айтылады. Оларды өз табиғатынан ажыратуға болмайды дейді. Біз осы пікірге қатысты цирк әртісінің көзқарасын да сұрадық.
– Дрессура өнері жүз жылдан бері циркпен бірге жасап келе жатыр. Көрермендердің сүйсініп қарайтын жанр. Сондықтан мен жануарларды қолға үйретуге қарсы емеспін. Тек оларға зорлық көрсетіп, ұрып-соғуға қарсымын. Мен гуманизмге негізделген дрессураны ұстанамын. Жануарларды бағып, баптап, қолға үйрету адам баласының мейірімін оятады. Сосын зообақтардан гөрі жануарлардың адамдармен қарым-қатынас жасай алатын тәлімбақтар ашса деймін. Сонда балалар жыртқыштың да сенімді дос бола алатынын түсінер еді. Жануарларды тордың ішіне тек көрме ретінде қойып қойғанша, осындай тәлімбақтар ұйымдастырылса екен деймін. Циркте үйретілген жануарлар болуы керек, – деп жауап берді ол.
Биыл наурыз айында Жанат Қалметова Моңғолияға барып, үйретілген иттерімен халықаралық фестивальға қатысып, «Үздік үйретілген иттер» номинациясын алыпты. Оның айтуынша, қазір еліміздегі цирк өнері жоғары деңгейде дамыған. Бірақ мәселелер де жоқ емес.
– Аймақтағы цирктерде реквизит дайындау жағы проблема. Себебі еліміздегі цирктарда реквизит дайындайтын Ресейдегідей арнайы цехтар жоқ. Кейбір реквизиттерді Ресейден, Украинадан, Қытайдан тапсырыс беріп алдырамыз. Кейде қолдан жасатып та жатамыз. Бірақ бізде сапалы токарь мамандар жоқ. Циркте әрбір жабдық миллиметріне дейін дәл есептеліп жасалуы керек. Сондықтан акробатикаға, әуеге арналған құралдарды шетелден алдырамыз. Олардың бағасын барлық әртістің қалтасы көтере бермейді. Цирк әртістерінің костюмдерінің тігілу тәсілі мүлдем басқаша. Киген киіміміз денеге жабысып тұруы керек, бірақ қозғалысқа ыңғайлы болуы да шарт. Костюмдеріміз сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, тігілу жағынан күрделі. Қазір цирк костьюмдерін тігетін мамандар бар, бірақ барлығы бірдей білікті емес. Кәсіби деңгейде костьюмдер тігу жағын да жақсарту керек, – дейді кейіпкеріміз.
Жанат Қалметованың циркке деген махаббаты адал. Әр адам өз кәсібін дәл Жанаттай сүйсе, бала арманына әр азамат дәл Жанаттай берік болса, әлем әлдеқайда әдемірек болар еді...
Көктем ҚАРҚЫН