Үкімет резервінен мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.
Биыл өңірлердегі жем-шөп шығындарының құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді - АШМ
1,166
оқылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазақстандық фермерлер 12,7 млн тонна шөп дайындады, бұл биылға жоспарланған көлемнің 50,7% құрайды.

«Биыл өңірлердің жем-шөп шығындарының құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат жіберуге мүмкіндігі бар.

Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті дизель отынын ала алады. Өтінімдерге сәйкес жанармайдың қажеттілігі 57,9 мың тонна көлемінде қалыптасты. Қазір жеткізу басталды», – деп жазды министрліктен.

Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна көлемінде жем-шөп қорын қалыптастырды, оның қорлары қажет болған жағдайда мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарын арзандатылған бағамен қолдау үшін бағытталатын болады.

Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша фермерлердің несиелік борыштарын ұзарту және қайта құрылымдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, Үкімет резервінен мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Ақмола облыстарында шөп дайындаудың жақсы қарқыны байқалады. Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының қарқыны төмен.

«Қостанай облысындағы құрғақшылық туралы айтатын болсақ, облыс әкімдігінің ақпараты бойынша жазғы кезеңде жауған жауын-шашын табиғи және егілген шөптердің өсуіне қолайлы жағдай жасады. Облыс бойынша шөптердің орташа өнімділігі 5,2 ц / га құрайды.

Мал қыстайтын кезеңге 1,1 млн тонна шөп жинау жоспарланған, оның 843,3 мың тоннасы немесе 76,8% дайындалған. Биыл азық дайындау үшін өңірге 6,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді», – делінген АШМ хабарламасында.

Азыққа деген қажеттілікті толыққанды қамтамасыз ету мақсатында шөп шабу үшін бу алқаптары мен су айдындарының бойындағы жазғы дақылдарды қоса алғанда, алқаптардың барлық түрлері пайдаланылатын болады.

Шөптің орташа сату бағасы 1 тонна үшін былтырдан бері өзгерген жоқ, 24-30 мың теңгені құрайды. Алайда, облыс орталығына жақын кейбір аудандарда коммерциялық баға 40-45 мың теңгеге дейін жетеді.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі зейнеткерлерді, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін, көп балалы отбасыларды, аз қамтылғандарды қолайлы бағамен қатты азықпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Статистика деректерін ескерсек, Қостанай облысында жаппай мал сою байқалмайды. Жыл басынан бері 95 мың ІҚМ бас сойылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8% аз.

Ақмола облысында болжамды есептеулер бойынша алдағы қыстауға мал басы 640 мың басқа дейін жетеді. Бүгінгі таңда фермерлер 901,2 мың тонна шөп немесе жоспардың 68,9%, 132,8 мың тонна (51,1%) пішен дайындады. Жем дайындау үшін арзандатылған ЖЖМ алуға 4,4 мың тонна дизель отынына 200-ден астам шаруашылық өтінім берді.

«Биыл өңірдегі жемшөп дақылдарының көлемі 27,6 мың гектарға ұлғайып, 223,4 мың гектарды құрады. Өңірде жемшөп дақылдары өндірісінің көлемін арттыру үшін суармалы жерлерді кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді ведомстводан.

Шығыс Қазақстан облысында бүгінгі таңда 296,2 мың тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 35% дайындалды. Ағымдағы пішендеме қоры 34,1 мың тоннаны немесе жоспардың 43,6% құрайды. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны орта есеппен өткен жылдың деңгейінде қалып отыр.

Облыста алдағы қыстауға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, әр ауданда әкімдері басқаратын жедел штабтар құрылды.

Сондай-ақ, шырынды мал азығының негізгі бөлігі қыркүйек айында басталатын жүгері сүрлеміне тиесілі екенін ескеру қажет. Құрғақшылыққа байланысты елімізде жем тапшылығы болжанып отырған жоқ.