Сонымен қатар, мектеп жанынан 80 орындық шағын балабақша ашылады.
AMANAT: 1 қыркүйекте Көкшетауда жаңа мектеп ашылады
1,095
оқылды

Көкшетау қаласындағы «Құлагер» шағын ауданында 310 орынға арналған жаңа мектеп салынды. Білім ордасы 1 қыркүйектен бастап балаларға есігін айқара ашуға дайын. Нысан «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында тұрғызылды.

Қазір мұнда оқушыларды қабылдауға қарқынды дайындық жүріп жатыр, ата-аналардан өтініш қабылданып, әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұрын аталған шағын ауданда мектеп мүлдем болмаған. Жергілікті тұрғын, көпбалалы ана Арнагүл Шақшанованың айтуынша, осы уақытқа дейін ата-аналар мектепті үйден алыс, қаланың өзге аймағынан, көршілес Красный Яр ауылынан іздеуге мәжбүр болған.

«Менің төрт балам бар. Күнделікті мектепке дейінгі жолға 30-40 минут уақыт кетеді. Балаларым көбінесе бірінші сабаққа үлгермей қалады. Автобус тоқтамай кететін кездер де жиі болып тұрады, себебі оның іші лық толы болады. Оған да уақыт кетеді. Ал қыста жағдайымыз тіптен қиын. Енді міне, партияның арқасында балаларым үйдің жанындағы жаңа мектепке баратын болды», – деді ол.

Қазір мектеп ғимаратына жаңа жиһаздар әкелініп, абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, мектеп жанынан 80 орындық шағын балабақша ашылады.

Айта кетейік, жалпы, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 39 мектеп пен қосымша құрылыс салу, 82 мектепте күрделі жөндеу жүргізу, барлық орта білім беру мекемелерін сапалы интернет байланысымен қамтамасыз ету, балаларды оқу жылына дайындау кезінде жыл сайын 1,5 мың көпбалалы және аз қамтылған отбасын қолдау жоспарланып отыр.