«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастыруымен ертең Астанадағы Триатлон саябағында «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты өтеді.
Ертең елордада «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты өтпек
760
оқылды

Аталған іс-шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның үстіне «Bir tolqynda» заманауи би байқауы Халықаралық жастар күні қарсаңында алғаш рет өткізіліп отыр. 

Би байқауына еліміздің барлық аймағынан 5-35 жас аралығындағы кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Байқауға  өтінімдер 10 тамызға дейін қабылданып жатыр. Нәтижесінде, 6 номинация бойынша жеңімпаздар анықталмақ.

«Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жастар қанатының маңызды міндеті – өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстануды, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды насихаттау, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге ұмтылу және оларды спортқа баулу үшін қолайлы жағдай жасау.

«Осынау қызықты да қызғылықты чемпионат «Есірткіге жол жоқ!» жобасының қағидаттары мен құндылықтарын насихаттай отырып, есірткіге қарсы күрес кезіндегі басты оқиғаның біріне айналады. Біз қоғам назарын есірткінің таралуы мәселесіне аударып, отандастарымызды жастарға барынша қолдау көрсетуге шақырамыз. Бидің қуаты мен күш-жігері жастарды жат әдеттен аулақ болуға үндейді. Бұл сайыс – тек бәсеке ғана емес, есірткіге қарсы күрестің қарымды қадамы. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Чемпионатқа қатысуға 150-ден астам өтінім келіп түсті», – деді ол.

Қазақстан Республикасы Спорттық би федерациялары қауымдастығының төрағасы, хореограф Бауыржан  Сейфуллиннің айтуынша, жобаның мақсаты бишілердің ықпалдасуына әсер ету.

«Жастар арасында спортты насихттау үшін өңірдегі биші, талантты жастардың басын қосу үшін ұйымдастырылып отыр.  Халықаралық жастар мерекесі болғандықтан әлемдік жастармен бір толқында болу үшін де ауқымды би байқауын өткізгелі жатырмыз. Бізді назарына алған «Жастар рухына» алғыс айтамыз», – деді ол.

Бельгияның әлемдік деңгейдегі бишісі, Legion X және The Cage халықаралық OG командасының мүшесі Thanh Long (CHARMANT) Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

«Қазақстан бишілерін осыған дейін әлеуметтік желілерден көріп, олардың өнеріне риза болдым.  Қазақстандағы бишілер қауымдастығының өнерін тамашалап, өз тәжірибеммен бөліскеніме қуаныштымын», – деді ол.

Чемпионат мынадай номинация бойынша өтеді:

  •  Hip-Hop 3x3
  •  Hip-Hop new players 1x1
  •  Krump 1x1
  •  Breaking 2x2
  •  Breaking & House 2x2
  •  All styles 2b4 («All Styles» номинациясы Алматы қаласында өтетін Red Bull dance Your Style ұлттық финалына іріктеу кезеңі саналады).

6 номинация бойынша жеңімпаздарға халықаралық жарыстарға жолдама мен ақшалай сыйлық беріледі.

Айта кетейік, «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында жыл басынан бері «Жастар рухы» белсенділері есірткі граффитиі мен трафареттерін бояп, үнемі рейдтерге шығып тұрды. Еліміздің барлық 20 өңірінде осындай 4 мыңнан астам «хабарландыру» жойылды.

Сонымен қатар, түрлі оқу орындарында есірткі заттарының зияны туралы дәрістер өткізіледі. Сараптамалық алаңдар ұйымдастырылып, онда жастар қауымы танымал тұлғалармен, депутаттармен кездеседі.

Бұған дейін «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің мүшелері жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына зиян келтіретін электронды темекінің, алкогольдік ішімдіктердің, есірткінің таралуы мен заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.