«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында өңірде 175 мың жұмыс орны құрылады.
«AMANAT» депутаты Алматы облысында 9 мамандық бойынша тегін білім беретін орталық ашты
976
оқылды

 «AMANAT» партиясының Алматы облысындағы Іле аудандық филиалының Қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар жұмыспен қамту және жұмыссыз азаматтарға арнайы оқыту курсын өткізу жөнінде ұсыныс жасаған еді. Осы орайда, партия мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Дінмұхамед Кузиев 9 мамандық бойынша тегін білім беретін орталық ашты. 

Депутат басқарып отырған газобетон шығаратын «Автоклав KZ» ЖШС-ға қарасты «БЕНТ» зауыты 1987 жылдан бері еліміздегі шойын жолдарды темірбетон шпалдарымен қамтамасыз етіп келеді. Зауыт өнімі әлемдік стандартқа сай әзірленеді. Аталған кәсіпорын биыл өздеріне қажет мамандарды даярлайтын оқу орталығын ашты.

«Қоғамдық қабылдауларға келген азаматтардың басым көбісі жұмыссыздық мәселесін көтереді. Осыны ескере отырып, арнайы оқу орталығын ашуды жөн санадық. Онда 9 мамандық бойынша білім беріледі. Білім алушыларға 200 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Жұмысқа орналасқан кезде қызметкерлер алғашқы 2 айда 200 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Үшінші айдан бастап еңбекақы 300 000 теңгеге дейін көтеріледі. Соған қарамастан, бос жұмыс орындары әлі де көп», – деді халық қалаулысы Дінмұхамед Кузиев.

Оның айтуынша, бұл жерге кез келген жұмыссыз тіркеліп, білім ала алады. Кейін, түлектер «Бент» зауытында немесе өзге де мекемелерде қызмет ете алады.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында өңірде 175 мың жұмыс орны құрылады.