– «Бұқарекең жырлайды» фестивалі Қарағандыда дәстүрге айналды. Ол 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұқар Жыраудың 350 жылдығына бес жыл бұрын біз оны халықаралық деңгейде өткіздік. Биыл 355 жылдығына орай ол республикалық ауқымда өтуде. Фестивальді еліміздің түкпір-түкпірінен 20-дан астам ақын мен айтыскер, жыршы жинады, – деп атап өтті фестивальдің бас ұйымдастырушысы Айтбай Жұмағұлов.
Кештің сәні сахнада өнер көрсеткен танымал ақындар ғана емес, сонымен қатар ұлттық киім киген қарағандылық зейнеткер белсенділер Рысты-қажы Әкімбекова мен Күләй-қажы Нақышева болды.
– Біз өз қаламызда фестиваль өткізілетіні туралы білгенде, қатты қуандық. Осындай атақты ақындардың қойылымдарын тағы қайдан естиміз?! – дейді қарағандылықтар бір ауыздан.
Дәстүрлі және халық әндерін орындаушы ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков фестивальге Жетісу облысынан келді. Әнші фестивальге қатысу ол үшін де жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Мен бірнеше рет қазылар алқасының құрамында болдым, бірнеше рет өзім қатыстым. Жыл сайын біз фестивальді күтеміз, өйткені мұнда ерекше атмосфера, сарқылмас қуат сезіледі, – деп есептейді Ерболат Шалдыбеков. – Болашақта бұл фестиваль ЮНЕСКО деңгейінде өткізілгенін қалаймын.
Өлкетанушы Мақсұтхан Рақыш фестивальге Бұқар жырау ауданынан арнайы келген. Ақсақал Бұқар жырау Қалқаманұлы кесенесін тұрғызуға және оның құрметіне естелік ас ұйымдастыруға белсенді қатысты.
– Мен фестивальден тыс қала алмадым, өйткені бұл – біздің облысымыз бен жалпы еліміз үшін үлкен оқиға. Бұқар жыраудың тұлғасы аңызға айналған, оның әрбір шығармасы терең мағынаға толы. Біз оның шығармашылығын оқып, насихаттауымыз керек, – деп атап өтті өлкетанушы.
Қоғам қайраткері Майра Әбдірахманова «Бұқарекең жырлайды» фестивалін ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынады.
– Біз оған үлкен мереке ретінде дайындалуымыз керек, шараға ұлттық киіммен келуіміз керек, жастарды үйретуіміз керек, – деп қорытындылады сөзін қоғам қайраткері.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы